Қазақстан мен Өзбекстанға Орталық Азиядағы барлық сауданың 57%-ы тиесілі

12 Шілде 2024, 14:19
227
Бөлісу:
Қазақстан мен Өзбекстанға Орталық Азиядағы барлық сауданың 57%-ы тиесілі
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Алматыда Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлері Олжас Бектенов пен Абдулла Ариповтің төрағалығымен екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Үкіметаралық комиссияның 21-отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тараптар Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Қазақстанға ресми сапары қарсаңында екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты және екі мемлекет басшыларының уағдаластықтарын іске асыру қарқынын қарастырды. Атап айтқанда, сауда-экономикалық, инвестициялық, су-энергетикалық ынтымақтастықты, көлік, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, экология және цифрландыру саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған жобалардың жай-күйі талқыланды.

Қазақстан мен Өзбекстанға Орталық Азиядағы барлық сауданың 57%-ы тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы $4,5 млрд құрады, 2024 жылдың 4 айында оның көлемі $1,2 млрд-тан асты.

Өнеркәсіптік кооперация 14,7 мыңнан астам жұмыс орнын аша отырып, $3,1 млрд сомасына 69 жобаны іске асыруды көздейді. Бүгінгі таңда $217 млн сомасына 12 бірлескен жоба сәтті жүзеге асырылып, 4,5 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Қазіргі уақытта $178 млн-ға 3 инвестициялық жоба іске асырылуда. Ірі жобалардың бірі – Тараз қаласындағы 500 мың тонна болат өнімін шығаратын электрометаллургия зауыты.

Қазақстанның Түркістан облысы мен Өзбекстанның Сырдария облысының аумақтарында ауданы 100 га болатын «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы құрылысының жобасын іске асыру бірлескен өндірістер үшін қосымша ынталандыру жағдайларын жасауға мүмкіндік береді.

Машина жасау саласында Қазақстан мен Өзбекстан жыл сайынғы негізде электротехникалық өнімдер мен аккумуляторларды өзара жеткізу көлемін ұлғайту бойынша ынтымақтастықты кеңейтетін болады.

Жүк айналымын ұлғайтуға көлік саласындағы өзара байланыстарды кеңейту, теміржол инфрақұрылымын дамыту және «тар жерлерді» жою бойынша қабылданып жатқан шаралар ықпал етеді. Осыған байланысты тараптар «Дарбаза – Мақтаарал», Алматының айналма жолы, Достық стансасы жобаларын іске асыруға қызығушылық білдірді.

Су саласының екі елдің тыныс-тіршілігіне әсерін ескере отырып, ынтымақтастықты одан әрі нығайту құралдары пысықталды. Атап айтқанда, екі мемлекет аумағындағы су тарату учаскелерін цифрландыру және автоматтандыру бойынша бірлескен қадамдар қаралды.

Өзбекстан біз үшін тату көрші, одақтас әрі бауырлас мемлекет. Біздің үкіметтеріміздің алдына екі елдің Мемлекет басшылары орта мерзімді перспективада өзара тауар айналымын $10 млрд дейін жеткізу бойынша ауқымды міндет қойды. Бұл бағытта біз агроөнеркәсіп кешені мен азық-түлік өнеркәсібінде сауданы ұлғайтуға, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация деңгейін арттыруға мүдделіміз, — деді Олжас Бектенов.

Өз кезегінде Абдулла Арипов Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары стратегиялық әріптестік пен одақтастық негізде қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ аталған қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін зор әлеует бар.

Барлық салада оң өсім байқалады. Бұл біздің бауырлас халқымыздың мүдделеріне толық сай келеді. Мұндай жоғары деңгейдегі әріптестіктің маңызды факторы – екі мемлекеттің басшылары арасындағы достық пен сенімді қарым-қатынас екені сөзсіз. Бүгінгі кездесу мен қол жеткізілген уағдаластықтар біздің ынтымақтастығымызға қосымша серпін беретініне сенімдімін, — деді Абдулла Арипов.

Отырыс қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен Үкіметаралық комиссияның 21-отырысының хаттамасына қол қойылды.

Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстанның тауар айналымы 5 жылда 29,5%-ға өсіп, $4,4 млрд құрады. Отандық тауарлардың экспорты 56,9%-ға – $2 млрд-тан $3,1 млрд-қа дейін өсті. Осы кезеңде импорт 9,1%-ға азайып, 2023 жылы $1,3 млрд құрады.

Өзгелердің жаңалығы