Қазақстан мен Өзбекстан жаңа әуе дәлізін ашты

22 Шілде 2024, 18:22
285
Бөлісу:
Қазақстан мен Өзбекстан жаңа әуе дәлізін ашты
Фото: Қазаэронавигация

Қазақстан мен Өзбекстанның әуе кеңістігі арқылы өтетін жаңа Т916 бағыты ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасын жалғайтын қосымша бағыттардың бірі, деп хабарлайды ҚР КМ ААК «Қазаэронавигация» РМК баспасөз қызметі.
Бұл бағыт ашылғалы Еуропадан Оңтүстік-Шығыс Азияға 19 рейс қана орындалды. Бағыттағы қозғалыс қарқынының үдей түсуі жаз мезгілінің соңына баруы мүмкін, өйткені пайдаланушылардың жаңа бағытқа үйренуіне біраз уақыт керек.

Жаңа бағытпен Lufthansa Cargo (Германия), Cargolux (Люксенбург), Cargolux Italy (Италия), Nomad aviation (Швецария), Western Global Airlines (США), Aerologic Cargo Airlines (Германия) сияқты авиакомпаниялар рейстер орындауда. Т916 трассасының жалпы ұзындығы 2187 км құрайды, оның ішінде борттар 437 км Өзбекстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланса, қалған 1750 км Қазақстан Республикасының аумағының үстімен өтеді.

Айта кету керек, Т916 әуе қозғалысына қызмет көрсетудің жаңа бағыты Өзбекстан Республикасының авиакомпаниялары мен аэронавигациялық провайдері – «Узаэронавигация» МУК ұсынысы бойынша ашылды. Бұрын бұл бағыт ИКАО-ның таңдаулы бағыттарының каталогына енгізілген болатын. 

Қазіргі уақытта маршрут біржақты. «Қазаэронавигация» РМК мамандарының айтуынша, жаңа әуе дәлізі шетелдік авиакомпаниялар үшін Қазақстан әуе кеңістігінің тартымдылығын арттырады, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан әуе қозғалысына қызмет көрсету өңірлік орталығының авиадиспетчерлеріне түсетін ауыртпалықты азайтуға көмектеседі.

Өзгелердің жаңалығы