Алматыда Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Өзбекстан Республикасының Спорт министрі Адхам Икрамовпен екіжақты кездесу өткізді. Жиын барысында қос елдің спорт саласындағы ынтымақтастығын кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Туризм жне спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жсап.
Кездесуге Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин, Өзбекстан ҰОК төрағасының бірінші орынбасары Отабек Умаров, сондай-ақ екі елдің Паралимпиада комитеттері мен спорт ұйымдарының басшылары қатысты.
Тараптар спорт кадрларын даярлау, паралимпиадалық спортты дамыту және ұлттық спорт түрлерін бірлесе насихаттау секілді маңызды бағыттар бойынша бірлескен іс-қимылды пысықтады.
Биыл қараша айында Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстанның ұлттық құрамалары арасында жолдастық футбол матчын өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 2026 жылы Астанада өтетін халықаралық "Болашақ ойындары" турниріне Өзбекстан делегациясының қатысуы да күн тәртібіне қойылды.
Қазақстан мен Өзбекстан – спорт саласындағы стратегиялық серіктестер. Бізді ортақ мақсаттар мен тарихи-мәдени байланыстар біріктіреді. Ынтымақтастықты кеңейту – спорт саласына тың серпін береді, – деді Ербол Мырзабосынов.
Министр Астанадағы Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталғанын айтып, Өзбекстанды спорттық білім беру саласындағы әріптестікке шақырды.
Олимпиадалық қозғалыс аясындағы әріптестіктің маңызы зор. Мұндай кездесулер елдеріміз арасындағы спорттық байланысты нығайтып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Геннадий Головкин.
Кездесу қорытындысында тараптар тұрақты спорттық диалог орнатуға және стратегиялық әріптестікті нығайтуға ниетті екендіктерін растады.