Көлік саласындағы Қазақстан делегациясы "Сарыағаш" мемлекетаралық теміржол түйісу пунктінде және Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасының уәкілетті органдарымен көпжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Келіссөздер барысында тараптар "Сарыағаш" МТТП арқылы астық өнімдерін Орталық Азияға және Ауғанстан бағыты бойынша үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз етуге қатысты бірлескен шешімдерге келді.
Кездесу қорытындысы бойынша тәулігіне пойыз алмасу көлемін 35 жұпқа дейін арттыруға, сондай-ақ өзбек тарапымен тәулігіне кемінде 10 астық тиелген құрамды және 5 жабық вагондағы азық-түлік тауарларын қабылдап отыруға уағдаласты, - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, тараптар вагон айналымын қамтамасыз ету мақсатында жүк түсіру жұмыстарының, кірме жолдар қызметінің және уәкілетті органдардың демалыс және мереке күндерін қоса алғанда тәулік бойы жұмыс істеуінің маңыздылығын айтты.
Бұдан бөлек, жүк тиеу және түсіру тепе-теңдігін сақтау мақсатында астық тасымалы экспортын Өзбекстан аумағындағы қабылдаушы кәсіпорындардың бос қуаттарын ескере отырып жоспарлау, сондай-ақ бос вагондардың келісілген айналымын қамтамасыз ету жөнінде келісімге қол жеткізілді.