Қазақстан мен Мысыр көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

9 Тамыз 2022, 12:18
1944
Бөлісу:
Қазақстан мен Мысыр көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Каир қаласына жұмыс сапары шеңберінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Әділ Тұрсынов Мысыр Араб Республикасының сыртқы саяси ведомствосында бірқатар кездесулер өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сыртқы істер министрі Самех Шукримен келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастық және халықаралық ұйымдар шеңберіндегі Қазақстан – Мысыр өзара іс-қимылы мәселелері бойынша пікір алмасты. 2022 жылғы 12-13 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңестің саммитіне дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар 2022-2023 жылдардағы жоғары деңгейдегі өзара сапарлардың кестесін талқылады.

Сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары Ихаб Бадауимен сұхбат шеңберінде екі елдің АӨСШК аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері жан-жақты қарастырылды. Мысырлық дипломат Қазақстанның Кеңесте төраға ретіндегі жұмысын жоғары бағалап, форумды трансформациялау және институционалдық дамыту жөніндегі бастамаларына қолдау білдірді. Сұхбаттастар алдағы күзгі кездесуді сәтті өткізу үшін тиісті байланыстар орнатуға келісті.

Мысыр Сыртқы істер министрінің орынбасары Айман Кемалмен кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасылды. Атап айтқанда, екіжақты сауда көлемін арттыру, туризмді дамыту, білім және ғылым саласында өзара тәжірибе алмасуларды қарқындату үшін кең мүмкіндіктер талқыланды. Ағымдағы жылдың қараша айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Қазақстан-Мысыр Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысы осы мақсатқа қол жеткізуге қомақты үлес қосуға арналғаны атап өтілді.

Каир қаласында қазақстандық дипломат тағы бірнеше келіссөздер жүргізді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 7-ші съезіне дайындық аясында әл-Азхар Бас имамының кеңесшісі Елші Абдурахман Мұсамен кездесу өтті. Ә.Тұрсынов әл-Азхар шейхі Ахмед ат-Тайебтің іс-шараға арнайы қатысуы жаһандық конфессияаралық диалогты нығайтудың маңыздылығын көрсететінін атап өтті.

Араб мемлекеттері лигасы (АМЛ) Бас хатшысының орынбасары Хейфа Абу Газелемен әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен АМЛ арасындағы, оның ішінде АӨСШК аясындағы өзара іс-қимылдың ағымдағы жай-күйі мен келешегін талқылады. Тараптар АМЛ делегациясының Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 7-ші съезіне қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Ә.Тұрсынов Мысырдың бұрынғы Сыртқы істер министрі Мұхаммед әл-Ораби, сондай-ақ «әл-Ахрам» саяси және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры, АӨСШК талдау орталықтары форумының мүшесі доктор Мұхаммед Фаез Фарахатпен кездесулер өткізді. Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Өзгелердің жаңалығы