Қазақстан мен Мысыр бірлескен бастамаларды іске асыруға келісті

Екі ел өзара сенімге негізделген байланыстарды нығайтуға және бірлескен бастамаларды ілгерілетуге мүдделі екенін растады.

 Сыртқы істер министрлігі 22 Қазан 2026, 06:35
22 Қазан 2026, 06:35
201
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Мысырға ресми сапары аясында Мысыр Премьер-министрі Мұстафа Мадбулимен кездесті.

Келіссөздер барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, цифрлық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Екі ел өзара сенімге негізделген байланыстарды нығайтуға және бірлескен бастамаларды ілгерілетуге мүдделі екенін растады.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан астығын Мысыр нарығына тікелей жеткізу мүмкіндіктері қарастырылды. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағытының, яғни Орта дәліздің әлеуетін пайдалану мәселесіне назар аударылды.

Сонымен қатар энергетика және экология салаларындағы ынтымақтастық талқыланды. Тараптар Мысырдағы «Эль-Дабаа» атом электр станциясының құрылысы мен Қазақстанның бейбіт атом саласындағы тәжірибесі бойынша пікір алмасуды, сондай-ақ БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын бірлесіп ілгерілетуді қарастырды.

Кездесу қорытындысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға келісті.

Наверх