Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Астанада Мажарстанның Ұлттық Жиналысы (Мәжілісі) төрағасының бірінші орынбасары Шандор Лежакпен кездесті. Бұл туралы министр әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Биыл Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Осы отыз жылдық белесте Атилланың жұртымен ынтымақтастық артып, бауырлас елдердің байланыстары бекемделе түсті.
Мемлекет басшысы да екі ел байланысына ерекше мән беріп отыр.
Лежак мырзаға таяуда Бугацта өткен Халықаралық ғұн құрылтайын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айттым. Жылы шырайда өткен кездесуде елдерімізді жақындастыра түсетін бірнеше нақты жобаны талқыладық.
Айта кету керек, жақында ғана Қазақстандағы Мажарстанның Төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Ронамен де кездескен едім. Қос тараптың әріптестік қарым-қатынасы әрі қарай тереңдей береді деп ойлаймыз, - деп жазды министр.