Қазақстанның Латвиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов елдің негізгі көлік және логистикалық орталығы болып табылатын Даугавпилс қаласына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Даугавпилс қалалық думасының төрағасы Андрей Элксниньшпен кездесу барысында тараптар аймақаралық ынтымақтастықты орнату, бірқатар бірлескен жобаларды іске асыру бойынша пікір алмасты. Қазақстандық жүктерді Латвия арқылы әлемдік нарыққа тиімді тасымалдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл бағытты қазақстандық кәсіпкерлер белсенді пайдаланып жүргені айтылды.
Бұдан басқа Елші Қазақстандағы экономикалық реформалар туралы мәлімдеді. Елдің транзиттік-көліктік және инвестициялық әлеуетіне айрықша тоқталып, латвиялық компанияларды Қазақстанда логистикалық және инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға қатысуға шақырды.
А.Элксниньш өз кезегінде аймақтың Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға деген қызығушылығын атап өтіп, аймақта қазақстандық бизнестің жұмыс жасауына көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Сапар барысында Елші сондай-ақ Даугавпилс университетіне, «Инженерлік арсенал» техника және индустриялдық дизайн орталығына және құжаттардың түпнұсқалығын тексеруге арналған арнайы жабдықтар өндірісіндегі жетекші компания «Regula Baltija»-ға барды.