Қазақстан мен Канада дипломатиялық қарым-қатынастарының 30 жылдығын атап өтуде

11 Сәуір 2022, 10:05
3154
Бөлісу:
Қазақстан мен Канада дипломатиялық қарым-қатынастарының 30 жылдығын атап өтуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы мен Канада арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған іс-шаралар кешені шеңберінде осы кезеңдегі елдер арасындағы ынтымақтастықтың жетістіктеріне арналған Қазақстан-Канада онлайн конференциясы өтті. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Конференцияны Қазақстанның Канададағы Елшісі Ақылбек Камалдинов ашып, өз сөзінде 1992 жылғы 10 сәуірде дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған сәттен бастап екі мемлекет саяси, экономикалық және гуманитарлық салаларда достық және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстан Канадамен берік достық байланыстарына, ортақ құндылықтар мен өзара қолдауға негізделген көпқырлы ынтымақтастықты жоғары бағалайтынына назар аударды.

Өз кезегінде Канаданың ҚР-дағы Елшісі Алан Хэмсон өзінің кіріспе сөзінде тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан өзінің экономикалық дамуында Орталық Азия елдері арасында ЖІӨ-нің ең жоғары көлемімен әсерлі табыстарға қол жеткізгенін және халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесі болғанын атап өтті.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде ҚР мен Канада арасындағы саяси ынтымақтастыққа жоғары бағалады. 2020 жылдың ақпан айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Канаданың Премьер-министрі Джастин Трюдомен кездесу өткізгенін, оның барысында тараптар саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға бейілділігін растағанын атап өтті. Қазақстандық дипломат Қазақстан мен Канада арасында жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, терроризмге қарсы тұру және бейбітшілікті қолдау мәселелері бойынша дәйекті диалог дамып келе жатқанын атап өтті. Қазақстан-Канада ынтымақтастығы мен көпжақты өзара іс-қимыл БҰҰ, ЕҚЫҰ, БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелері, ДСҰ сияқты және т.б. халықаралық ұйымдар шеңберінде табысты дамуда.

Канаданың Еуропа, Арктика, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка істері жөніндегі Сыртқы істер вице-министрінің міндетін атқарушы Дж.Даттон қазақстандық тарапты ҚР мен Канада арасында дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен құттықтап, елдеріміз жүйелі дамып келе жатқан кең ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастықты жолға қойғанын атап өтті. Ол Канада қазіргі таңда Қазақстанда іске асырылып жатқан және ҚР азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған саяси өзгерістерді, демократиялық және институционалдық реформаларды құптайтынын атап өтті.

ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы М.Құл-Мұхаммед және ҚР-Канада Парламентаралық ынтымақтастық тобының тең төрағасы - сенатор Виктор Оу парламенттік дипломатия екі ел арасындағы сенімді диалогты нығайтуда ерекше рөл атқаратынын және екі ел парламенттеріндегі парламенттік достық топтары саяси өзара іс-қимылды ілгерілетуге жәрдемдесетінін атап өтті.

Сонымен қатар конференцияның жұмысына Карлтон университетінің Н.Патерсон атындағы Халықаралық қатынастар мектебінің аға ғылыми қызметкері және Канаданың ҚР-дағы бұрынғы Елшісі М.Скок, Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің тең төрағалары – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ төрағасы М.Шәріпов пен «Камеко» Президенті Т.Гитцель, әрі «Канада, Еуразия, Ресей іскерлік қауымдастығының» (CERBA) төрағасы Ж.Бретон мен Канаданың ҚР-дағы бұрынғы Елшісі Ш.Стейл қатысып, елдеріміз ортақ мүдделер мен басымдықтарға негізделген әріптестік ынтымақтастық орнатқанын және инвестициялар, сауда, мемлекеттік қызмет реформасы, иммиграция, экономикалық реформалар, білім беру, технологиялармен алмасу және ноу-хау сияқты мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасайтынын атап өтті.

Жалпы, іс-шара Канаданың саяси, экономикалық ғылыми-зерттеу топтарының екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға елеулі қызығушылығын көрсетті.

2021 жылдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы өзара тауар айналымының көлемі 496 млн АҚШ долларына (+34,7%) жетіп, соңғы 6 жылдағы ең жоғары көрсеткіші болды. Сол кезеңде Қазақстан экономикасына канадалық тікелей инвестициялардың көлемі 385 млн АҚШ долл. құрады, бұл 2020 жылға қарағанда 17 есе көп (22,7 млн АҚШ долл.) және соңғы 9 жылдағы ең үлкен сома. Жалпы алғанда, 2005 жылдан бастап Канададан ҚР-ға ТШИ жалпы көлемі 5,2 млрд астам АҚШ долларын құрады.

Өзгелердің жаңалығы