Астанада Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі алаңында министрдің орынбасары Арман Исетов Италия Республикасының Елшісі Антонелло Де Риумен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесу барысында тараптар саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және мәдени-гуманитарлық жобаларды ілгерілету мәселелерін талқылады. 2025 жылы екіжақты сауда көлемі шамамен 17 млрд АҚШ долларына жетсе, соңғы 30 жылда италиялық инвестициялар 9,5 млрд доллардан асқан. Қазір Қазақстанда 267 италиялық компания жұмыс істейді.
Сондай-ақ қазақстандық тарап Италияны қысқы Олимпиада ойындарын табысты өткізуімен құттықтап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады.
Ойындар ең жоғары деңгейде ұйымдастырылып, бүкіл әлемде олимпиадалық құндылықтарды ілгерілетуге елеулі үлес қосты, – деді А.Исетов.
Сұхбаттастар өзара қызығушылық тудыратын бағыттар бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделігін білдіріп, 2026 жылға арналған екіжақты іс-шаралар кестесін қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша дипломаттар Астана мен Рим арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге ниеттерін растады.