Қазақстан мен Индонезияның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына биыл 31 жыл. Мерейлі датаға орай Қазақстандағы бұл елдің елшілігі «Балилық мәдениет кешін» ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алдымен екі елдің әнұраны орындалды. Кейін индонезиялық әншілер мен мың бұралған бишілер сахна көркін кіргізді. Кеш аясында Ден-пасар өнер институты мен Қазақ ұлттық хореография академиясы меморандумға қол қойды.
Мұндай шара екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың дамып жатқанын білдіреді. Бүгін біз Индонезияның мәдениетімен таныстық және ұлттық тағамдарынан дәм таттық. Мұндай кештердің бізге берері көп, - дейді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин.
Қазақстандағы Индонезия Елшісі екі елдің өзара ұқсастығы бар екендігін атап өтті.
Қазақстан мен Индонезияның ұқсастығы бар. Екі ел де табиғи ресурстарға бай. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мұнай, көлік инфрақұрылымы секілді экономиканың бірнеше секторында ынтымақтастықты нығайтып келеміз. Ендігі кезекте екі жақтың мәдениетін танытуымыз керек деп ойлаймын. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз, - деді Қазақстандағы Индонезия Елшісі Мохамад Фаджрул Рахман.