Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстан мен Еуропалық одақ визаны жеңілдетуге қатысты ресми келіссөздерді бастады

3 Желтоқсан 2025, 21:15
292
Бөлісу:
 Сыртқы істер министрлігі
Фото: Сыртқы істер министрлігі

Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы Визалық режимді жеңілдету туралы келісім және Реадмиссия туралы келісім бойынша алғашқы ресми келіссөздер раунды өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сыртқы саяси ведомствоның мәліметінше, отырысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев пен Еуропалық комиссияның Миграция және ішкі істер жөніндегі бас директораты бас директорының орынбасары Йоханнес Лухнер тең төрағалық етті.

Келіссөздердің басталуы символдық әрі маңызды оқиға болды. Желтоқсан айында Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толады. Жаңа келіссөздер трегінің іске қосылуы он жыл бойы жүйелі түрде дамып келе жатқан қатынастардың жетілгенін, мазмұндылығын және стратегиялық бағыттылығын көрсетеді.

Қазақстан мен Еуропалық одақ визаны жеңілдетуге қатысты ресми келіссөздерді бастады

Тараптар келіссөздердің ашылуы сенім деңгейінің артуын, азаматтар үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге, гуманитарлық және қоғамдық байланыстарды нығайтуға деген ортақ ұмтылысты айқын көрсететінін атап өтті. Сонымен қатар бұл келіссөздер Еуропалық одақ пен Орталық Азия мемлекеті арасындағы алғашқы процесс екені және осы қадамға тарихи мән беретіндігі ерекше аталып өтті.

Талқылау конструктивті және іскерлік жағдайда өтті. Тараптар өз көзқарастарымен алмасып, бастапқы бағдарларды келісіп, алдағы жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады. Келіссөздер екі тараптың да алға дәйекті түрде ілгерілеуге және сапарларды жеңілдетуге, адамдар арасындағы байланыстарды нығайтуға, ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететін заманауи құқықтық база қалыптастыруға дайын екенін көрсетті.

Қазақстан мен Еуропалық одақ визаны жеңілдетуге қатысты ресми келіссөздерді бастады

Ресми келіссөздердің басталғаны ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен ЕО Сыртқы саясат және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Калластың төрағалығымен 1 желтоқсанда Брюссельде өткен Қазақстан-Еуроодақ ынтымақтастық кеңесінің 22-ші отырысы кезінде жарияланды.

Қазақстан мен Еуропалық одақ келіссөздерді жалғастыруға және келесі раундты 2026 жылы Астанада өткізуге уағдаласты.

Өзгелердің жаңалығы