Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі бейбітшілікті сақтап, тұрақты даму, адам құқығын қорғау саласында маңызды бастамаларды жүзеге асырып келеді. Халықаралық аренада үйлесімділік пен әділдік орнатуға айтарлықтай үлес қосып келе жатқан БҰҰ-ға биыл 80 жыл.
Бұған қоса 1992 жылдың 2 наурызы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданған күн ретінде тарихта қалды. Бұл оқиға еліміздің халықаралық аренадағы орны мен бейбітшілік жолындағы ұстанымын айқындады.
Осы ретте дәл наурыз айының 2-сі күні BAQ.KZ ақпарат агенттігінің Бас редакторы Еркежан Айтқазының Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісінің міндетін атқарушы Стивен О'Малли мырзамен сұқбаты жарияланып отыр.
- Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге жауап іздеуге және диалог құруға арналған әмбебап алаң. Айта кетерлігі, биыл БҰҰ-ның құрылғанына және негізгі халықаралық ұйым жарғысының күшіне енгеніне 80 жыл. Осы ретте, БҰҰ-ның Қазақстандағы және Орталық Азиядағы өкілдігі қандай іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр?
- БҰҰ-ның 80 жылдығына орай біз жыл бойына және бүкіл ел бойынша жұртшылық пен негізгі серіктестерімізді, соның ішінде үкіметті, бизнес секторын, ғылыми ортаны, азаматтық қоғамды және бұқаралық ақпарат құралдарын қамтитын әртүрлі іс-шаралар желісін өткізуді жоспарлап отырмыз. Ең маңызды оқиғалардың қатарында – БҰҰ күнін мерекелеу, Астанадағы БҰҰ алаңын ашу, БҰҰ-ның Қазақстандағы рөлі туралы арнайы көрменің ұйымдастырылуы және естелік пошта маркасын шығару сияқты жұмыстар жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Астана халықаралық форумында БҰҰ мұрасы мен оның одан әрі даму жолдары туралы айту үшін саясаткерлердің, сарапшылардың және азаматтық қоғам көшбасшыларының қатысуымен жоғары деңгейдегі панельдік пікірталас өткіземіз. Форумға БҰҰ агенттіктерінің бірнеше басшысы мен басқа да жоғары лауазымды тұлғалар қатысады.
Бұл іс-шаралар БҰҰ-ның жаһандық бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму саласындағы міндеттемені және Қазақстанмен ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді.

- БҰҰ аясында қауіпсіздік пен бейбітшілікті қолдау, жаппай жою қаруын таратпау, халықаралық терроризммен күрес болсын, азық-түлік және су қауіпсізідгін сақтау және климаттың өзгеруі сияқты маңызды мәселелер жіті назарда болады. Осы ретте, соңғы жылдары Қазақстанда БҰҰ негізінде қандай маңызды жобалар іске асты?
- Ең алдымен, бірнеше салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгенін атап өткім келеді. Соңғы жылдары жүзеге асқан маңызды жобалардың кейбіріне жеке тоқтала кетейін:
- БҰҰ әлеуметтік қорғау, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл және гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күресте ілгерілеуді ынталандыру үшін Қазақстан Үкіметімен тығыз жұмыс істеп келеді.
- БҰҰ Даму бағдарламасының (UNDP) қолдауымен әзірленген "Цифрлық отбасы картасы" 5,9 миллион отбасының дерегін цифрландырып, әлеуметтік көмекті мұқтаж жандарға уақытылы жеткізуге мүмкіндік берді.
- Қазақстанның тұрақты дамуға деген ұмтылысы 2060 жылға дейінгі "Көміртегі бейтараптығы" стратегиясымен нығайтылды. Онда БҰҰ климаттық саясатты қалыптастыру, көміртегі нарығын реттеуді әзірлеу және елдің метан шығарындысын азайту және таза энергияға көшу жөніндегі міндеттемесін қолдау бойынша негізгі сараптамалық білім берді.
- Spotlight бастамасы аясында БҰҰ гендерлік зорлық-зомбылықпен күресу үшін заңдарды, институттарды және қоғамдық сана-сезімді нығайтты. Бұл бастама бойынша 15 миллионнан астам адам маңызды өзгерістерге қол жеткізу үшін науқандар, цифрлық құралдар және қоғамдық бағдарламаларға қатысты.
Тұтастай алғанда, Қазақстан тұрақты даму жолында жақсы ілгерілеуге қол жеткізіп, әлемдік орташа көрсеткіштен асып түседі. Елдегі бұл мақсаттың 42%-ы жүзеге асырылып жатыр, ал әлемде бұл көрсеткіш небәрі 16% ғана.
Жетістіктер халықтың осал топтарына, соның ішінде әйелдерге, балаларға және мүгедектерге қатысты күшейтілген саясатты қамтиды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу үшін жетілдірілген заңнаманың қабылдануы және инклюзивті білім мен денсаулық сақтау саласына баса назар аударылуы басты жетістіктің бірі.
Сонымен қатар бірқатар қиындықтар әлі де бар. Өткен жылғы жойқын су тасқыны елдің өміршеңдігін тексеріп, табиғи апаттар қаупін азайту және климатқа бейімделу қажеттілігін көрсетті.
Сондай-ақ экономиканың баяу әртараптануы, инфляция және инвестициялық шектеулер сияқты құрылымдық мәселелер мұнай бағасының ауытқуы және негізгі сауда серіктестері арасындағы экономикалық өсудің баяулауы сияқты жаһандық тәуекелдермен бірге сақталып отыр.
Болашаққа көз жүгіртсек, біз Үкіметпен 2026 жылдан 2030 жылға дейін ынтымақтастықтың жаңа шеңберіне дайындықты бастадық. Ынтымақтастықшеңбері – бұл БҰҰ мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты сипаттайтын біздің жол картамыз. Бұл Қазақстан дамуының негізгі басымдығына, БҰҰ қолдауының елдің қажеттігіне, инклюзивті және тұрақты өсудің жаһандық мақсатына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған жеке көзқарасты қалыптастыруға мүмкіндік береді.
.jpeg)
- Қазақстан мен БҰҰ-ның ынтымақтастық орнатқан жылдардағы қандай маңызды оқиғаларды атауға болады? Нақты қандай салаларда БҰҰ мен Қазақстан арасында тығыз қарым-қатынас орнады?
- Қазақстан 1992 жылы БҰҰ құрамына кіргелі бері ядролық қарусыздану саласындағы көшбасшылықтан бастап, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне және Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайланды. Сондай-ақ бітімгершілік күш-жігеріне дейін жаһандық дипломатияда шешуші рөл атқарды. Қазақстанда БҰҰ адами капиталды дамытуға, тиімді басқаруға және инклюзивті экономикалық өсуге баса назар аударып отыр. Қазақстанның білім беру, денсаулық сақтау және гендерлік теңдік саласындағы жетістігі оның мықты серіктес екенін тағы бір дәлелдейді.
Алдағы жылдары БҰҰ өз күш-жігерін Қазақстанның ұлттық басымдығымен бірге үндестірмек. Бұл елдің өршіл климаттық мақсатын, соның ішінде шығарындыны азайту үшін алдағы 3.0 Ұлттық деңгейде анықталған жарналарын қолдай отырып, әлем ауа температурасының Цельсий бойынша 1,5 градусқа дейін көтерілуін сақтай алады. Біз әлі де ешкімнің шетте қалмауын қамтамасыз етуге, адам құқығын нығайтуға, кемсітушілікпен күресуге, сондай-ақ тұрақты және әртараптанған экономиканы дамытуға міндеттіміз. Бұған "жасыл" технологияны ілгерілету, шағын бизнестің мүмкіндігін кеңейту, білім беру мен денсаулық сақтауды дамыту кіреді. Адамдар мен инновацияғаинвестиция сала отырып, Қазақстан өміршеңдік пен өркендеу жолын жалғастыра алады.
- БҰҰ Қазақстанның қарусыздану және ядролық қаруды таратпау жөніндегі бастамаларын қалай бағалайды?
- Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тарту және халықаралық келісімге белсенді қатысу арқылы үлгі көрсете отырып, ядролық қарусыздану және оны таратпау саласындағы әлемдік көшбасшы атанды. Семей полигонын жабу, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы Семей шартының құрылуы сияқты бастамалар арқылы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосты.
БҰҰ Қазақстанның ядролық қауіпсіздікке деген адалдығын Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) Төмен байытылған уран банкін орналастыру, сондай-ақ оның әлемдік аренада қарусыздануға жәрдемдесу жөніндегі дипломатиялық күш-жігерін жалғастыру сияқты бастамалар арқылы мойындайды.
Алдағы уақытта БҰҰ диалогты жеңілдету, техникалық сараптаманы қамтамасыз ету және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтатын саясатты ілгерілету арқылы Қазақстанның осы саладағы көшбасшылығын қолдауды жалғастырады.
- Қазіргі уақытта БҰҰ мен Қазақстан арасында адам құқықтары, ана мен бала денсаулығы, гендерлік теңдік салаларында қандай негізгі жобалар мен бастамалар жүзеге асырылуда?
- Адам құқықтары саласында БҰҰ Қазақстанмен құқықтық базаны нығайту, сот реформаларын ілгерілету және азаматтық белсенділікті арттыру бойынша жұмыс істейді. Ана мен бала денсаулығын сақтау саласында БҰҰ Қазақстанның ана өлімін азайту және сапалы медициналық көмекке, соның ішінде вакцинация бағдарламаларына қолжетімділікті арттыру жөніндегі күш-жігерін қолдады. Гендерліктеңдік басымдық болып қала береді. Бұл бағыттағы бастамалар әйелдердің экономикалық мүмкіндігін кеңейтуге, гендерлік зорлық-зомбылықпен күресуге және әйелдердің шешім қабылдауға қатысуын арттыруға бағытталған.
- Ірі державалардың экономикалық және саяси мүдделері жиі қақтығысатын қазіргі геосаяси жағдайда халықаралық құқықты нығайту өте маңызды. БҰҰ дамыған және дамушы елдер арасындағы күрделі мәселелерді шешуде қандай рөл атқарады?
- БҰҰ диалог, жанжалдарды шешу және ынтымақтастық үшін бейтарап алаң ретінде қызмет етеді. Халықаралық құқық пен көпжақты келісімдердің сақталуына әсер ете отырып, БҰҰ тұрақтылық пен әділ дамуға ықпал етеді. Қазақстанның жан-жақты болуға ұмтылысы оның аймақтық делдалдық күш-жігерінен және бітімгершілікке қосқан үлесінен көрініп тұрғандай. Бұл дипломатиялық шешімдердің маңыздылығының дәлелі болып саналады. БҰҰ экономикалық теңсіздікті жоюға және бүкіл әлемде адам құқықтарын қорғауға бағытталған саясатты қолдауды жалғастырып отыр.
Жаһандық қауіпсіздік ландшафты дамып келе жатқаны анық, бұл ондаған жылдар бойы қалыптасқан құрылымның пішінін өзгертуі мүмкін. Жауап ретінде бізге көпжақты ынтымақтастық қажет. БҰҰ бейбітшілік, тұрақты даму және адам құқықтары мәселелерін шешу үшін елдерді біріктіретін диалогтың маңызды алаңы болып қала береді. Соңғы 80 жылдықта біз ұжымдық іс-әрекеттің күшін көрдік, сонымен бірге реформалардың қажеттілігін мойындадық. БҰҰ Бас хатшысы айтқандай, "Бізде халықаралық ынтымақтастыққа арналған жабдық бар, бірақ бағдарламалық жасақтаманы жаңарту қажет". Бүгін біз жүргізіп жатқан талқылаулар БҰҰ өзінің негізгі миссиясына адал бола отырып, жаңа шындықтарға бейімделе отырып, жаһандық мәселелерді шешуде әлі де алдыңғы қатарда екенін айқындайды.
Өткен жылы БҰҰ-ға мүше барлық мемлекеттер жаһандық мәселелерді шешуге деген көзқарасымызды жаңарту үшін Болашақ туралы келісімге қол қойды. Негізінде, "Болашақ туралы келісім" бейбітшілік пактісі (келісімі) болып саналады. Ол – тұрақты бейбітшілік тұрақты дамуды қажет ететінін, сондай-ақ дамушы елдерге өз халқына инвестиция салуға және негізгі мәселелерді шешуге көмектесу үшін ТДМ Ынталандыру шараларын қабылдауды талап ететінін түсінетін барлық аспектілері бойынша бейбітшілік пактісі.
- БҰҰ адамдарды бірігуге және өзінің 100 жылдық мерейтойына, яғни 2045 жылға қарай дамыған әлем моделін құруға шақырады. Осы ретте, БҰҰ дамыған әлем моделіне жету үшін қандай негізгі қадамдар жасауды жоспарлап отыр?
- 2045 жылға қарай БҰҰ-ның көзқарасы Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі прогресті жеделдету, жаһандық ынтымақтастықты нығайту және климаттың өзгеруі, технологиялық жетістіктер және геосаяси өзгерістер сияқты туындайтын мәселелерді шешу болып отыр. Қазақстан өңірлік көшбасшы ретінде тұрақты болашақты қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.
Осыған байланысты, жоғарыда аталған "Болашақ туралы келісім" бейбітшілікке, дамуға, теңдікке, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылға және технологияға бағытталған заманауи жаһандық басқарудың жол картасы болмақ. Бұл қақтығыстардың алдын алу мен медиацияны күшейтеді, қаржылық реформалар мен қарыздарды жеңілдету арқылы ТДМ-дағы прогресті жеделдетеді, сондай-ақ кемсітушілікпен күресу және әйелдердің көшбасшылығын қамтамасыз ету арқылы гендерлік теңдікке басымдық береді. Келісім сонымен қатар жастардың қатысуына, лайықты жұмысына және біліктілігін арттыруға инвестиция салу арқылы болашақ ұрпақты қолдайды. Сондай-ақ, климаттың өзгеруіне қарсы шұғыл шараларды қабылдауға, міндеттемелерді күшейтуге және энергетикаға әділ көшуге шақырады. Сонымен қатар, ол Цифрлық кеңістіктегі адам құқығын қорғауды қамтамасыз ету және жасанды интеллектінің жаһандық ережесін қалыптастыру арқылы Жаһандық цифрлық келісім бойынша жауапты технологиялық басқаруды ілгерілетеді.
- 2015 жылы қабылданған БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі күн тәртібінде кедейлікті жою, сапалы денсаулық сақтау, білім беру, теңдік және климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылды қоса алғанда, тұрақты дамудың 17 мақсаты көрсетілген. Қазіргі уақытта Орталық Азияда осы мақсаттарға жету үшін қандай бастамалар жүзеге асырылуда?
- Жоғарыда айтып өткенімдей, әлем 2030 жылға қарай Тұрақты даму мақсатына жету жолында артта қалып отыр. Бірақ бағытты өзгертуге әлі кеш емес. Қазіргі уақытта бүкіл әлем бойынша ТДМ мақсаттарының тек 16%-ы ғана орындалуда, сондықтан біз бұл бағыттағы күш-жігерімізді жеделдетуіміз керек. Даму үшін – жақсы қаржыландыру мен ресурстарды қамтамасыз ету нақты прогреске жетудің кілті. Орталық Азияда БҰҰ экономиканы әртараптандыру, таза энергетика, цифрлық трансформация бойынша жұмыс жүргізуде. Су және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы аймақтық ынтымақтастық өте маңызды және трансшекаралық жобалар ресурстарды басқаруға ықпал етеді. Біз сондай-ақ жастардың мүмкіндіктерін кеңейтуге, инклюзивті білім беруге және денсаулық сақтау саласындағы инновацияларға инвестиция саламыз.
Биыл БҰҰ-ның 80 жылдығын тойлай отырып, біз адамдардың қажеттігін қанағаттандыруға, күш-жігерімізді түрлі қауымдастыққа нақты әсер етуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ айқын әрі тұрақты болашақ үшін бірлесіп жұмыс істеуге деген ниетімізді көрсетеміз.
- Сұқбатыңызға рақмет!