Ауған тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Ауғанстан СІМ басшысы Әмір Хан Муттаки телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көшербаев Ауғанстанда болған жойқын жер сілкіністеріне байланысты көңіл айтып, жақын уақытта гуманитарлық миссия жіберілетінін мәлімдеді. Миссия құрамында медициналық мамандар, дәрі-дәрмектер және алғашқы қажеттілік заттары болады.
Муттаки Қазақстанның тұрақты қолдауына алғыс білдіріп, биыл Ауғанстанға жалпы 3,7 мың тонна гуманитарлық жүк жөнелтілгенін атап өтті.
Тараптар сауда, банк, тау-кен металлургиясы және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты талқылап, достық қатынастарды одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.
Келіссөз соңында министрлер екі ел арасындағы саяси диалогты жалғастыру және ынтымақтастықты дамыту жөнінде уағдаласты.