Сенат отырысында депутат Марат Қожаев "Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Армения Республикасы Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құжатқа 2024 жылдың сәуір айында Қазақстан Президентінің Арменияға ресми сапары барысында қол қойылды. Ал Арммения тарапынан ратификациялау процесі 2025 жылдың 30 сәуірінде жүзеге асты.
Құжат көші-қон саласындағы ынтымақтастықты, азаматтардың құқықтарын қорғауды, сондай-ақ мемлекеттердің заңнамасы мен халықаралық міндеттемелеріне сәйкес ақпараттық өзара әрекеттесуді көздейді, – деді Қожаев.
Атап айтқанда, екі ел азаматтар туралы, олардың тұрақты тіркелуі мен уақытша немесе тұрақты тұру мәртебесі, азаматтыққа қатысты мәліметтермен алмаса алады. Бұл шаралар қос азаматтыққа жол бермеу және заңсыз көші-қон арналарын тоқтату мақсатында қабылданған.
Келісім аясындағы сұрауларды орындау мерзімі 30 күннен аспауы тиіс. Егер ол ұлттық қауіпсіздікке, қоғамдық тәртіпке зиян келтіруі мүмкін немесе ішкі заңнама мен халықаралық міндеттемелерге қайшы болса тараптар оны орындаудан бас тарта алады,
Қожаевтың айтуынша, келісімді ратификациялау Қазақстан мен Армения арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастықты күшейтіп, бақылауды арттырады және әлеуметтік-экономикалық жағынан теріс салдарға әкелмейді.
Қазақстан бұған дейін Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қытаймен осындай келісімдерді жасады.
Сенаттың тұрақты комитеттері заң жобасына ескертпелер енгізген жоқ, ол профильдік комитеттің мақұлдауын алып, қабылдауға ұсынылды.
Еске салайық, бұған дейін енд іҚазақстан азаматтары Арменияға жеке куәлікпен бара алатынын хабарладық.
Сондай-ақ, осындай келісімдерден кейін ІІМ Армениямен барыс-келіс жеңілдейтіні жөнінде мәлімдеп, туристер ағыны артатынын айтты.