Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара тиімді әріптестікті нығайту мәселелері талқыланды

14 Наурыз 2023, 21:30
879
Бөлісу:
Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара тиімді әріптестікті нығайту мәселелері талқыланды

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова АҚШ-тың Оңтүстік және Орталық Азия елдері бойынша сауда өкілінің көмекшісі Брендан Линчпен кездесіп, екіжақты өзара ынтымақтастықты арттырудың жолдарын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Вице-министр Қазақстанда сирек кездесетін және сирек жер металдарының, атап айтқанда құрамында сирек жер металдары бар минералды шикізаттың айтарлықтай ресурсы жеткілікті екенін айтты. Сонымен қатар жаңа инвесторларға қатты пайдалы қазбаларды өндіру мүмкіндігі жер қойнауын пайдалануға құқық беретін аукционды өткізу арқылы жүзеге асыру көзделгенін жеткізді.

Өз кезегінде Б.Линч ҚР ИИДМ мен АҚШ-тың Геологиялық қызметі (USGS) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум шеңберінде пайдалы қазбаларды өндіру, геология және минералдық ресурстар саласындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсетініне сенім білдірді.

Бұл ретте Д.Щеглова елімізде көлік-транзиттік әлеуетті дамыту мен көлік дәліздерін жаңғырту үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Әсіресе вице-министр Транскаспий халықаралық көлік бағытына, оның ішінде Ақтау портында контейнерлік хабты құру және Құрық портында «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалының құрылысына ерекше тоқталды.

Осы орайда америкалық тарап Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, нақты айтқанда Транскаспий халықаралық көлік маршрутының жекелеген жобалары бойынша бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екендерін айтты.

Кездесудің қорытындысына сәйкес тараптар іскерлік әңгімеге ризашылықтарын білдіріп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы