Алматы, BAQ.KZ. 19-20 наурыз күндері Мадридте өткен қазақстан-испан бизнес форумында «Қазақстан күн энергетикасы қауымдастығы» мен испандық кәсіпорын «Risen Energy Spain S.L.U» арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл туралы «Қазақстан күн энергетикасы қауымдастығы» хабарлады.
Қазақстандық Делегацияны ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ермек Көшербаев басқарып барған бұл форумды ҚР-ның Испаниядағы Елшілігінің қолдауымен «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ ұйымдастырған. Сондай-ақ, Испанияның кәсіпкерлік ұйымдар конфедерациясы мен Испанияның Сауда палатасы да ұйымдастыру шараларына көмек көрсеткен.
«Форумның негізгі міндеті - инфрақұрылым, логистика, сандық жүйеге көшіру және телебайланыс, сондай-ақ жасыл энергетика сияқты экономиканың басым салаларына тікелей шетелдік инвестицияларды кеңейту үшін Қазақстанның инвестициялық климаты мен әлеуетін ұсыну болды», - делінген хабарламада.
Қазақстандық уәкілетті мемлекеттік құрылымдардың өкілдері испандық бизнес-аудиторияға Қазақстан экономикасына инвестициялық мүмкіндіктердің өзекті жағдайын және инвесторларды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы құралдарын ұсынған, ал бизнес-қауымдастық өкілдері өздерінің табысты іске асырылған кейстарын және инвесторлардың қатысуына дайын жобаларын таныстырды.
«Форумның маңызды оқиғаларының бірі «Қазақстан күн энергетикасы қауымдастығы» мен испандық кәсіпорын «Risen Energy Spain S.L.U» арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою болды. Қол қойылған келісімге сәйкес, испандық компания қауымдастық мүшелерімен жаңартылатын энергия саласында жинақтаған білімімен, озық тәжірибесімен алмасуда көмек көрсетуге дайын, Қауымдастық өз тарапынан «Risen Energy Spain» кәсіпорнына Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия нарығына кіруіне көмектесуге дайын», - делінген хабарламада.