Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстан көшелеріне жүргізушісіз такси шығады

Олжас АДАЙ
Кеше, 12:07
265
Бөлісу:
 - архив
Фото: - архив

Биыл Қазақстанда жүргізушісіз таксиді іске қосу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Жасанды интеллект және цифрлық даму жөніндегі бірінші вице-министр Ростислав Коняшкин мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, жаңа технологиялар сынақтан өтетін пилоттық аймақтар анықталған. Қазіргі таңда негізгі басымдық қауіпсіз апробацияға беріліп отыр, ал жол жүру тарифтері мен бағасына қатысты мәселелер әзірге қарастырылмайды.

Бағалар мен тарифтер туралы айтуға әлі ерте. Бұл технологиялар елімізде бұрын қолданылмаған, сондықтан оларды апробациялау кезеңі қажет. Пилоттық жобалар бізге бұл технологияларды қалай қауіпсіз енгізуге болатынын түсінуге және сапалы нәтиже алуға мүмкіндік береді, – дейді ол.

Вице-министр жобаға қатысатын серіктес компаниялар туралы да айтып өтті. Олардың қатарында жүргізушісіз такси қызметін іске қосу тәжірибесі бар халықаралық – InDrive және Яндекс бар. Сонымен қатар Қазақстан басқа да ірі компаниялармен ынтымақтастыққа ашық.

Біз осындай қызметті жүзеге асырып жүрген бірнеше халықаралық серіктеспен жобаны пысықтап жатырмыз. Бұл – InDrive, Яндекс компаниялары. Сондай-ақ жүргізушісіз таксиді іске қосып жатқан өзге де ірі ойыншыларға ашықпыз. Қазіргі басты мәселе технологияда емес, пилоттық жобаны қауіпсіз өткізіп, осы технологияны ауқымдау жөнінде нақты түсінік алу, – деді Ростислав Коняшкин.

Жоба Ішкі істер министрлігі мен Көлік министрлігін қоса алғанда, мемлекеттік органдармен бірлесіп үйлестіріліп жатыр.

Іске қосу биылға жоспарланған. Жобаның қауіпсіз әрі тиімді болуы үшін барлық қажетті рәсімдер, соның ішінде нормативтік талаптар да, мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізіледі. Пилоттық іске қосу жаңа технологияларды қауіпсіз және тиімді енгізу жолдарын түсінуге мүмкіндік беріп, қалалық көлікке деген көзқарасты түбегейлі өзгертеді, – деп түйіндеді ол.

Өзгелердің жаңалығы