Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстан Конституциясына 30 жыл: Ата Заң қоғам дамуының негізі

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
22 Тамыз 2025, 14:19
2098
Бөлісу:
 Арман Мухатов  - архив
Фото: Арман Мухатов - архив

Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанына 30 жыл толады. Осыған орай саясаттанушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптамалық кеңесі төрағасының орынбасары Зарема Шаукенова еліміздің Негізгі заңының тарихи және саяси маңызын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Конституция – елдің негізгі тірегі

Сарапшының айтуынша, Конституция – мемлекеттің қоғамдық және саяси құрылымын, билік тармақтарының өзара жұмыс істеу қағидаттарын және азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын бекітетін басты құжат.

Ата Заң – тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның құндылығы. Әрбір азамат оны құрметтеп, қорғауға міндетті. Конституцияға деген сенім – билік пен қоғам арасындағы тұрақтылықтың кепілі, – деді Зарема Шаукенова.

Конституция тарихы

Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы қабылданды. Ал қазіргі қолданыстағы Ата Заң 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданып, содан бері бұл күн мемлекеттік мереке ретінде атап өтіледі.

Соңғы 30 жыл ішінде Конституцияға бірнеше рет түзетулер енгізілді. Оның ішінде ең ірілері:

1998 жыл – Парламент пен Үкімет өкілеттіктеріне қатысты өзгерістер;

2007 жыл – Парламенттің рөлін күшейту, саяси партиялардың мәртебесін арттыру;

2017 жыл – билік тармақтарының өкілеттігін қайта бөлу;

2022 жыл – бүкілхалықтық референдум арқылы суперпрезиденттік жүйеден президенттік-парламенттік модельге көшу, өлім жазасын жою, Конституциялық соттың қайта құрылуы, жердің халыққа тиесілі екендігі жөніндегі норма.

Конституцияның құндылығы

Зарема Шаукенова атап өткендей, Қазақстан Конституциясы өзінің гуманистік сипаты арқылы азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғауға ерекше мән береді.

Ата Заңда жазылған әрбір қағидат – қоғамды әділдікке, теңдікке және заң үстемдігіне жетелейтін жол. Бұл құжат Қазақстанның саяси жүйесін жаңартуға, демократиялық қағидаттарды нығайтуға мүмкіндік берді, – деді сарапшы.

Конституцияның 30 жылдығы – тек мерейтой ғана емес, елдің тәуелсіздік жылдарындағы даму жолын саралайтын тарихи кезең. Сарапшының пікірінше, Ата Заңға енгізілген өзгерістер халықтың сұранысына сәйкес қоғам мен билік арасындағы диалогты күшейтті.

Конституция – заман талабына сай жетілдіріліп отыратын тірі құжат. Ол Қазақстанның саяси тұрақтылығы мен болашағы үшін маңызды рөл атқара береді, – деп қорытындылады Зарема Шаукенова.

Өзгелердің жаңалығы