Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан халқы Ассамблеясы басқа еш мемлекетте жоқ. «Вяра» Ақтөбе облысы болгар этномәдени бірлестігінің төрайымы Анастасия Подольянова Ассамблеяны «біздің елдің ғана бренді» дейді.
«Вяра» Ақтөбе облысы болгар этномәдени бірлестігінің төрайымы Анастасия Подольянова Қазақстан халқы Ассамблеясының әр сессиясына қатысарда қобалжиды. Себебі, елдегі өз ұлтының өзге өкілдерімен кездеседі. Өзекті мәселелерді көтереді.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы бір жылда жасалған жұмыстардың қорытындысы, алдағы жылға жоспарлар құрылады. Облыс делегаттары жыл сайын қатысады ғой. Ел азаматы, маман, екі баланың анасы ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының орны мен үшін өте маңызды. Ұлтаралық байланысты нығайтады. Әр барған сайын қобалжу болады менде. Сессия кезінде елде тұратын өз ұлтымыздың өкілдерімен кездесеміз. Үлкен жиында отырып, ерекше атмосфераны сезінемін, ерекше күш-қуат аламын. Шаһарыма қойылған міндеттерді орындауға ынта-жігермен келемін. Ассамблеяны құрудағы үлкен, көпжылдық еңбек әрі қарай жалғасады деп ойлаймын. Себебі, Ассамблея еліміздің бренді. Мұндай азаматтық институт өзге ешбір елде жоқ. Қазақстан халқы Ассамблеясынан депутаттар да сайланды. Өте керемет жағдай», - деді «Вяра» Ақтөбе облысы болгар этномәдени бірлестігінің төрайымы Анастасия Подольянова.
Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсаты – ұлттар арасында бірлікті қалыптастырып, одан әрі нығайту. Анастасия Подольянова елдегі жүргізіліп отырған саясаттың дұрыстығын мойындайды. Ал, өз ата-бабасының Қазақстанды таңдағанына қуанады. Біздің елді мекендегендеріне ғасырдан асқан.
«Біз тату елміз. Бақытты халықпыз. Қазақстан халқының бірлігі күні ел тұрғындары үшін үлкен мереке. Жаппай тойланатын мейрам Қазақстанда үлкен құрметке ие. Ұлттық асхана, түрлі көрмелер, ұлттық ойындарды тамашалауға халыққа толық бір күн арналған. Керемет қой. Болгарлар саны аз халық. Аз болсақ та, мемлекет тарапынан өте көп көңіл бөлінеді. 110 жылдан бері ата-бабам Қазақстанды мекендейді. Өзге мемлекетті білмейміз біз. Атам, әкем осы жерде туып өскен. Біз Қазақстанда тұрып жатқан төртінші ұрпақпыз. Бірақ, осы елде өсіп-өркендеуге, тілімізді, мәдениетімізді дамытуға мүмкіндік берілген. Алғыспен, сыйластықтан басқа айтарымыз жоқ. Ата-бабамның Қазақстанды таңдағандарына қуанамын. Бақыттымын», - деді «Вяра» Ақтөбе облысы болгар этномәдени бірлестігінің төрайымы.