Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қазақстан Каспий теңізін қалай қорғамақ

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
22 Сәуір 2025, 17:20
974
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Қазақстан Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғауға бағытталған халықаралық міндеттемелерді жүйелі түрде орындап келеді. Бұл туралы Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің отырысында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мағзұм Ошурбаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан Тегеран конвенциясын жүзеге асыруға жауапты ұлттық орган ретінде теңіз экологиясын сақтау бағытындағы бірқатар маңызды шараларды атқарып жатыр.

Төрт хаттама ратификацияланды

Бүгінде Қазақстан Каспий теңізінің экожүйесін қорғауға бағытталған Тегеран конвенциясының төрт хаттамасын ратификациялаған. Қазіргі уақытта бесінші хаттама – теңіз ортасының жай-күйін мониторингтеу, бағалау және ақпарат алмасу мәселелері жөніндегі құжат жобасы келісілуде.

Мониторинг және алдын алу шаралары

Каспийдің жағдайын бақылау – басты назарда. Каспий маңы елдерімен бірге теңіздің экологиялық ахуалын бақылауға арналған Қоршаған ортаны мониторингтеу бағдарламасы әзірленуде. Сонымен қатар, 2021 жылдан бері теңізде мұнай төгінділерін жоюға дайындықты қамтамасыз етуге бағытталған Ұлттық жоспар жүзеге асырылып келеді, - деді вице-министр отырыста.

Министрлік қазір Каспийдің қазақстандық секторында экологиялық сезімталдық картасын жасап жатыр. Бұл құрал апаттық жағдайлардың алдын алуға және өңірдегі биоәртүрлілікті қорғау стратегияларын құруға көмектеседі.

Таяздану – маңызды экологиялық мәселе

Мамандар Каспий теңізінің таяздануын ерекше алаңдаушылықпен атап өтті. "Қазгидромет" деректеріне сүйенсек, 2050 жылға қарай теңіз деңгейі минус 33 метрге дейін төмендеуі мүмкін. Бұл шек теңіздің табиғи экожүйесіне ғана емес, өңірлік экономикалық белсенділікке де зор қауіп төндіреді.

Арнайы ғылыми институт құрылды

Осы проблемаларды кешенді зерттеу үшін 2024 жылы Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты құрылды. Қазір бұл институт Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағына беріліп отыр. Алайда қаржыландыру мәселесі әлі шешілмеген.

Министрлік Үкімет резервінен институттың жұмысын бастау үшін 1,8 млрд теңге бөлу туралы Қаржы министрлігіне өтініш жіберген. Оның ішінде мекемені ұстауға – 1,044 млрд теңге, ғимаратты жөндеуге – 48,7 млн теңге, құрал-жабдық алуға – 678,7 млн теңге қажет. Үкіметтің бұл өтініш бойынша шешімі әлі шыққан жоқ.

Өзгелердің жаңалығы