Қазақстан 2025 жылға дейін ІТ экспортын 500 млн долларға жеткізбек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұндай жоспарды ОКҚ-да IT саласын дамытуға қатысты өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі IT-саласын дамыту департаментінің директоры Ерсұлтан Ерманов айтты.
Соңғы уақытта еліміздің ақпараттық технологиялары саласы қарқынды түрде дамып келе жатыр. Бұған көптеген фактор дәлел бола алады. Мысалы, әртүрлі стартаптар мен IT компаниялар, венчурлық қорлар пайда болып, шетелдік инвестиция да өсіп жатыр. Ал оқушылар мен студенттер арасында ІТ бағытқа сұраныс артып келе жатқанын көріп отырмыз, - деді ол.
Ерсұлтан Ерманов министрлік ІТ саласында екі стратегиялық құжат бойынша жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Олар цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс ұлттық жобасы және ІТ саласын дамыту тұжырымдамасы.
Ол негізгі стратегиялық бағыттарға тоқталып өтті.
Бірінші бағыт – ІТ экспорт қызметін дамыту. Әлемде кез келген мемлекеттің экономикалық табысты болуы оның нарықтағы бәсекеге қабілетті болуымен сипатталады. Мұны дәлелдейтін негізгі көрсеткіш – ІТ экспортының көлемі. Осыған байланысты министрліктің ұлттық жобасында арнайы көрсеткіштер негізгі мақсат ретінде белгіленген. Соның ішінде 2025 жылға дейін ІТ экспортын 500 млн долларға жеткізу. 2022 жылы Astana Hub резиденттерінің цифрлық шешімдерінің экспорты 165 млн долларға жетті. Одан басқа 130 млн доллар көлемінде стартаптарға инвестиция тартылды, - деп түсіндірді Цифрлық даму министрлігінің өкілі.
Ерсұлтан Ерманов бұл бағыттағы жұмыс өз тиімділігін көрсетіп отырғанын айтты.