Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация Пәкістан астанасында «Бірлік, әділдік және даму жолындағы серіктестік» тақырыбында өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 48-ші сессиясына қатысты.
Бұл туралы СІМ ресми сайты хабарлады.
Іс-шараға ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен бақылаушы елдердің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың делегациялары қатысты. ИЫҰ СІМК төрағалығының ресми түрде Нигер Республикасынан Пәкістан Ислам Республикасына тапсыруы болды, ал Палестина, Камерун және Йемен төрағаның орынбасарлары болып сайланды.
ИЫҰ елдерінің өкілдері таяу шығыс күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, қарусыздану, халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл, исламофобия, ксенофобияға қарсы күрес, ИЫҰ-2025 қызметінің бағдарламасы және басқа да тақырыптар бойынша пікір алмасты. Сондай-ақ, экономика, сауда, көлік, мәдениет, ғылым және технологиялар, туризм және денсаулық сақтау, ақпараттық технологиялар, су ресурстары, қоршаған орта және климаттың өзгеруі салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды.
Азия тобының атынан сөйлеген сөзінде ҚР Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерге қаңтардағы қайғылы оқиғалар барысында Қазақстанға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Ол еліміздің жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету процесіне өз үлесін қосуды жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. Осы тұрғыда, АӨСШК-ке кірмеген Азия мұсылман елдерін осы қауіпсіздік жөніндегі өңірлік бірлестіктің мүшесі болуға шақырды.
М.Тілеуберді Қазақстан бастамашы болған Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу мінез-құлық кодексінің маңыздылығына және терроризмге, экстремизмге және исламофобияға қарсы күресте күш-жігерді біріктіру үшін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі шеңберінде конфессияаралық диалогты жалғастыру қажеттігіне назар аударды.
Мұсылман елдері арасындағы жанжалдар мен әскери қақтығыстардың жалғасуы аясында ол Сирия бойынша Астана процесінің рөлін, сондай-ақ Исламдық татуласу қазақстандық бастамасының өзектілігін атап өтті. Қазақстан СІМ басшысы ИЫҰ-ны реформалау процесін тезірек аяқтау қажеттігін, бұл жаңа сын-қатерлер жағдайында аса маңызды екенін атап өтті.
ИЫҰ СІМК 48-ші сессиясының бірінші күнінің қорытындысы бойынша саяси, экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық, құқықтық және ұйымдастырушылық салаларда бірқатар қарарлар қабылданды, онда мұсылман елдерінің негізгі жаһандық және өңірлік проблемалар бойынша шоғырландырылған ұстанымы көрініс тапты. Іс-шара соңында қорытынды Исламабад декларациясын қабылдау жоспарлануда.
Сессия барысында М.Тілеуберді Египеттің Сыртқы істер министрі Самех Шукри, Ирактың Сыртқы істер министрі Фуад Хусейн және Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглумен бірқатар екіжақты келіссөздер өткізді. Тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, сондай-ақ жоғары және аса жоғары деңгейдегі кездесулер кестесін талқылады.
Ислам ынтымақтастығы ұйымы (2011 жылға дейін Ислам Конференциясы ұйымы) 1969 жылы құрылды. ИЫҰ Бас хатшылығы Джидда қаласында (Сауд Арабиясы Корольдігі) орналасқан.
Қазіргі уақытта ИЫҰ жалпы халқы шамамен 1,7 млрд. адамды құрайтын 57 мүше мемлекетке ие және БҰҰ-дан кейінгі көлемі бойынша екінші халықаралық ұйым. 5 ел мен 5 халықаралық ұйым бақылаушы мәртебесіне ие. Қазақстан ұйымға 1995 жылдың желтоқсанында мүше болды.