"AMANAT" партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында Президенттің 2019–2024 жылдардағы Жолдауларын және «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының іске асырылуы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Премьер-министр Олжас Бектенов өнеркәсіп өндірісінің индексі 6,9%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 6,1%-ға артқанын мәлімдеді.
Негізгі өсім машина жасау, азық-түлік, мұнай өнімдері және химия салалары есебінен қамтамасыз етілді. 2025 жылғы 7 айда өңдеу саласының өндіріс көлемі 16,2 трлн теңгеге жетіп, өнеркәсіптің жалпы көлемінің 47,3%-ын құрады. Бұл өндіру өнеркәсібінің үлесінен 1,4%-ға жоғары, - деді Үкімет басшысы.
Биыл өңдеу саласында құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 190 жоба іске қосылады. Соның нәтижесінде 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, өндіріс көлемі 2,2 трлн теңгеге жетеді деп күтілуде.
Соңғы үш жылда Қазақстанда полипропилен, ферросилиций, арнайы кокс, тұрмыстық техника, автомобиль шиналары және жүк көліктеріне арналған компоненттер өндірісі іске қосылды.
Сондай-ақ тыңайтқыштар, құрылыс материалдары, мұнай-газ жабдықтары мен дәрілік заттардың жаңа түрлері шығарылып жатыр. Жоғары деңгейлі өңделген өнімге бағытталған 17 ірі жоба жүзеге асуда.
Тау-металлургия саласында 2024 жылдың қорытындысы бойынша металл кенін өндіру 7,8%-ға, ал металл өндірісі 6,9%-ға өскен.