2024 жылғы 26 тамызда Монреаль қаласында Көлік министрі Марат Қарабаевтың, ИКАО Кеңесінің Президенті, ИКАО Бас хатшысы және ИКАО-ға мүше елдердің авиациялық билік басшыларының қатысуымен ИКАО-да Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстан ИКАО-да Тұрақты өкілдігі бар Орталық Азиядағы алғашқы ел.
ИКАО (Халықаралық Азаматтық авиация ұйымы) — Біріккен Ұлттар Ұйымының мамандандырылған мекемесі. Оның құрамына 193 ел кіреді. Ұйым Азаматтық авиацияның халықаралық нормаларын айқындайды және ұшу қауіпсіздігін арттыру аясында жұмыс атқарады.
Қазақстанның ИКАО-да Тұрақты өкілдігінің болуы азаматтық авиация саласын одан әрі дамыту және ұшу қауіпсіздігінің тиісті деңгейін қамтамасыз ету мақсатында ұйыммен ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді.
2024 жылғы 25-28 тамыз аралығында көлік министрі Марат Қарабаев Монреаль қаласында ИКАО-ның 14-ші аэронавигациялық конференциясына (AN-Conf/14) қатысады.
Конференция ИКАО-ға мүше барлық 193 ел үшін аэронавигация және ұшу қауіпсіздігі саласындағы жоғары деңгейдегі ұсынымдар кешенін келісуге әкелетін егжей-тегжейлі техникалық талқылауларға мүмкіндік берді.
ИКАО конференциясы аясында көлік министрі Марат Қарабаев ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитаномен және ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Салазармен кездесті.
Кездесу барысында ИКАО басшылығы Қазақстанның ұйымда Тұрақты өкілдік ашу туралы шешімін жоғары бағалап, еліміздің ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік деңгейін арттыру аясында одан әрі белсенді жұмыс жасайтынына сенім білдірді.
ИКАО басшылығымен кездесу қорытындысы бойынша басқару қызметтерін көрсету туралы келісімге қол қойылды.
Келісімнің мақсаты — пайдалану көрсеткіштерін арттыруда және халықаралық авиациялық стандарттарды сақтауда қолдау көрсету үшін ИКАО тәжірибесі мен ресурстарын пайдалану.