Манамада (Бахрейн) 22-31 қазан аралығында өткен III жасөспірімдер Азия ойындарында Қазақстан құрамасы керемет нәтижеге қол жеткізді. Ел спортшылары жалпы есепте үшінші орынға ие болып, 93 медаль жеңіп алды: 24 алтын, 29 күміс және 40 қола. Бұл туралы BAQ.KZ ҚР ҰОК-на сілтеме жасап хабарлады.
Жарыстың көшбасшысы Қытай құрамасы (147 медаль), екінші орында Өзбекстан (81 медаль) болды.
Қазақстандықтар спорттың 20-дан астам түрінен бақ сынасып, тек медальдар санымен емес, рекордтық көрсеткіштерімен де ерекшеленді.
- Ауыр атлет Әлихан Әскербай жасөспірімдердің әлемдік, азиялық және Азия ойындарындағы рекордтарды жаңартты.
- Жеңіл атлет Максим Сажнев, жүзуші Александр Румынский және ауыр атлет Нұржан Жұмабай Азия ойындарының жаңа рекордтарын орнатты.
Ең көп алтын жүлде бокста (5), дзюдода (4) және ауыр атлетикада (3) берілді.
Қазақстан құрамасының нәтижесі тарихта жасөспірімдер Азия ойындарындағы ең табысты көрсеткіш болып есептеледі. Мысалы, 2009 жылы Сингапурда команда 14 медальмен 8-ші орын алған, ал 2013 жылы Нанкинде 13 медальмен 13-ші орынға ие болған еді.