Халықаралық су-энергетикалық консорциумы Орталық Азия өңірінің су-энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Үкімет басшысының айтуынша, қазір Қазақстан Республикасы өңірлік деңгейде халықаралық су-энергетикалық консорциум құру туралы мәселені белсенді түрде ілгерілетуде және тиісті келісімнің жобасы пысықталып жатыр. Халықаралық су-энергетикалық консорциумын құру ирригация мен энергетиканың мүдделерін ескеретін Орталық Азия өңірінің су-энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді орнықты тетікті қалыптастыруға ықпал ететін болады.
Халықаралық су-энергетикалық консорциумы Орталық Азиядағы су-энергетикалық алмасуға, жазда Тәжікстан мен Қырғызстан өндіретін электр энергиясын өндіруге (суаруға су жіберу), су қоймаларының ирригациялық режимдерін реттеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте бүкіл электр энергиясын өндірушілердің мүддесі сақталуға тиіс, – деп атап өтеді Әлихан Смайылов жауабында.