Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов Алматыға жасаған жұмыс сапары аясында шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерімен жүздесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кездесу Дінмұхамед Қонаев атындағы Халықаралық қордың ғимаратында өтті. Басқосуға қоғам және мәдениет қайраткерлері, тарихшылар, журналистер мен ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты. Олардың қатарында Қонаев қорының қоғамдық, мәдени және ағартушылық бастамалар жөніндегі үйлестірушісі Жанна Асқарова, академик Әлкей Марғұлан атындағы қордың жетекшісі Дәме Марғұлан, тарихшы Константин Черепанов, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының жетекші ғылыми қызметкері Владимир Толмачев, журналист Тілеужан Есілбаев, жазушы Тахауи Ахтановтың ұлы Дулат Ахтанов және өзге де зиялы қауым өкілдері болды. Кездесуге сондай-ақ Дінмұхамед Қонаевтың немере інісі Диар Қонаев қатысты.
Жиын барысында сөз алған Нұрсұлтан Шоқанов елдің дамуы мен болашағын қалыптастыруда зиялы қауымның рөлі айрықша екенін айтты. Оның пікірінше, қоғамдағы өзгерістерге тек сырттай баға берумен шектелмей, интеллектуалдық орта мемлекет дамуына белсенді атсалысуы қажет.
Партияның негізгі басымдықтарына тоқталған ол әлеуметтік әділеттілік, ұлттық мәдениетті қолдау, сапалы білім беру және технологиялық прогресті қатар дамыту маңызды екенін жеткізді.
Қазақстанның ең басты байлығы – білімді әрі кәсіби мамандар. Мемлекет ғалымдарға, ұстаздарға, дәрігерлерге, инженерлерге, мәдениет қайраткерлеріне және қоғам көшбасшыларына арқа сүйеуі керек, – деді партия төрағасы.
Нұрсұлтан Шоқанов мәдениеттің қоғамдағы құндылықтар жүйесін қалыптастырып, тарихи жадыны сақтаудағы маңызына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, мәдениет саласын қолдау қосымша бағыт ретінде емес, экономика, білім және қауіпсіздік секілді стратегиялық маңызы бар сала ретінде қарастырылуы тиіс.
Кездесу барысында мәдени мұраны сақтау мен насихаттау мәселелері де көтерілді. Қазақстан Халық партиясы тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарын жандандыруды, музей қорларын цифрландыруды, тарихи-мәдени нысандарды туристік инфрақұрылымға енгізуді және қазақстандық ескерткіштердің ЮНЕСКО тізіміне енуіне қолдау көрсетуді ұсынып отыр.
Жиынды қорытындылаған Нұрсұлтан Шоқанов партия үшін зиялы қауыммен тұрақты әрі мазмұнды диалог орнату маңызды екенін атап өтті.
Еңбек адамы құрметтеліп, білімді азаматтардың пікіріне құлақ асылатын, мәдениет пен рухани құндылықтарды дамытуға жағдай жасалатын қоғам ғана қуатты мемлекет құра алады, – деді ол.