Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов пен Парламент Сенатындағы ҚХА депутаттары Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» жобасы аясында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен және өңірлік Ассамблея активімен кездесу өтті.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында және Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясының қорытындылары бойынша берген тапсырмаларының орындалуы, жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл, қоғамдық маңызы бар бастамалардың жүзеге асырылуы, сондай-ақ Ассамблея мүшелерінің жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілетуге қатысуы талқыланды.
2025 жылы Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы 10 мыңнан аса адамды қамтыған 150-ден астам іс-шара өткізді.
Облыс басшысымен бірге делегация ҚХА-ның облыстық «Жомарт жан» сыйлығы лауреаттарын марапаттау рәсіміне қатысты. 2025 жылы өңірде бес номинация бойынша 15 лауреат анықталып, облыстың дамуына және әлеуметтік бастамаларды қолдауға қосқан ерекше үлесі үшін екі арнайы сыйлық табысталды.
Жұмысшы мамандықтар жылының маңызын насихаттау мақсатында Ассамблея Төрағасының орынбасары Сенат депутаттарымен бірге өңірдегі бірқатар кәсіпорынды, оның ішінде «БЕРЕКЕТ-Ф» компаниясына, «PRESTIGE» жиһаз гипермаркетіне және Түпқараған ауданындағы түйе сүтін өндіретін цехқа барып қайтты.
Көпэтносты еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіліп, этносаралық келісімді нығайту, сондай-ақ Ассамблея бастамалары аясында әлеуметтік маңызы бар жобалар мен волонтерлік жұмыстарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.