Қазақстан Грецияға дәнді дақылдарды экспорттап, аталған елден зәйтүн майын импорттайтын болады. BAQ.KZ бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, тиісті құжатқа екі елдің ауыл шаруашылығы министрлері – Ербол Қарашөкеев пен Георгис Георгантас KGIR – 2022 жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел отырысы аясында қол қойды.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы отандық бидайдың тұрақты өнімділігі мен жоғары сапалы сипаттамалары Қазақстанның астық пен ұнды әлемдік жетекші экспорттаушылардың бірі ретінде танылуына ықпал еткенін атап өтті.
Сондай-ақ біз ұн және жарма өнеркәсібі өнімдері, ет, өсімдік майлары, қайта өңделген және органикалық өнімдердің басқа да түрлерін жеткізуді пысықтауға дайынбыз. Осы құжатқа қол қою елдеріміздің АӨК саласындағы ынтымақтастығын дамытуға қосымша серпін береді деп сенемін, - деді Ербол Қарашөкеев.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі сонымен қатар грек инвесторларына Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы шикізатын, оның ішінде ет пен сүтті, картопты, қант қызылшасын, майлы дақылдарды, жемістерді және тағы басқаларын өңдеу бойынша жобаларды іске асыруды ұсынды.
Айта кетейік, Қазақстан мен Греция арасында сауда көрсеткіштерінің өсуі байқалады. 2022 жылдың 8 айында АӨК өнімінің тауар айналымы 2021 жылмен салыстырғанда 5,5% артып, 3,8 млн долларды құрады.