Қазақстан гимнастары Азия чемпионатында жүлдеге бір қадам жетпей қалды

Ұлттық құрама сапында Дмитрий Патанин, Ілияс Азизов, Роман Хегай, Дияс Тойшыбек және Нұртаң Ыдрысов өнер көрсетті.

 Спортты дамыту дирекциясы Бүгiн 2026, 21:40
Бүгiн 2026, 21:40
193
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Қытайдың Цуньи қаласында спорттық гимнастикадан Азия чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстанның ерлер құрамасы командалық көпсайыста 240,660 ұпай жинап, төртінші орынға ие болды. Бұл туралы Спортты дамыту дирекциясы мәлім етті.

Ұлттық құрама сапында Дмитрий Патанин, Ілияс Азизов, Роман Хегай, Дияс Тойшыбек және Нұртаң Ыдрысов өнер көрсетті.

Командалық есепте жүлделі орындарды:

  • Қытай – 253,461 ұпай;
  • Жапония – 248,795 ұпай;
  • Корея Республикасы – 242,561 ұпай иеленді.

Қазақстандық гимнастар үздік үштіктен аз ғана қалып қойды. Айта кетейік, ұлттық құрама 2023 жылы Сингапурда өткен Азия чемпионатында тарихи қола медаль жеңіп алып, былтыр Кореядағы құрлық біріншілігінде де осы нәтижені қайталаған болатын.

Цуньидегі жарыста командалық жүлде бұйырмағанымен, қазақстандық спортшылар жекелеген снарядтардағы финалдық бәсекелерде медаль үшін күресті жалғастырады.

Бұл Азия чемпионатының маңызы зор, өйткені ол күзде Нагоя қаласында өтетін Азия ойындары алдындағы негізгі іріктеу және дайындық кезеңдерінің бірі саналады.

Наверх