Бүгін Мәжілісте елімізде сутегі энергетикасын дамыту мәселелері қарастырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс өз баяндамасында әлемде сутегі энергетикасына қызығушылық тұрақты түрде өсіп келе жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда әлем бойынша 1000-нан астам сутегі жобасы жүзеге асырылмақ, әрі бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.
Халықаралық энергетикалық агенттік (IEA) пен Hydrogen Council мәліметтері бойынша, 2050 жылға қарай сутегі жаһандық энергия теңгерімінің 20%-ын құрауы мүмкін. Сол уақытқа қарай жыл сайынғы сұраныс 600 миллион тоннаға дейін жетеді деп болжануда. Ал 2030 жылға дейін сутегі жобаларына құйылатын инвестиция көлемі 500 миллиард доллардан асуы ықтимал.
Бақытжан Ілияс бірнеше ірі халықаралық жобаларды мысалға келтірді:
- NEOM Green Hydrogen (Сауд Арабиясы),
- Asian Renewable Energy Hub (Аустралия),
- Haru Oni (Чили),
- сондай-ақ Hydrogen Valleys және Backbone секілді трансшекаралық жобалар (ЕО),
- ал АҚШ-та сутегі энергетикасы Inflation Reduction Act аясында салықтық жеңілдіктер арқылы ынталандырылуда.
Салада әлемдік технологиялық көшбасшылар – Air Liquide, Plug Power, Nel Hydrogen, Linde, Thyssenkrupp, Fortescue Future Industries, Enel сынды компаниялар белсенді жұмыс істеуде. Олар электролиздік қондырғылар, логистика, сутегі құю бекеттері және басқа инфрақұрылым арқылы болашақ сутегі экономикасының негізін қалап отыр.
Қазақстан бұл жаһандық үдерістен шет қалмауы тиіс. Елдің жел, күн және су энергиясы саласындағы әлеуеті, Еуропа мен Азияны жалғайтын стратегиялық географиялық орны, қолда бар инфрақұрылымға қолжетімділік және халықаралық жеткізу тізбектеріне қосылу мүмкіндігі – осының бәрі еліміздің сутегі энергетикасы саласында лайықты орын алуына мүмкіндік береді, - дейді Бақытжан Ілияс.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан Германия, Жапония, Қытай сынды таза энергияға деген сұранысы жоғары елдерге төмен көміртекті сутегінің сенімді жеткізушісі бола алады.