Қазақстан геологиясы қалай дамып жатыр: Бектенов негізгі қадамдарды атады

Елордада өткен Geoscience & Exploration Central Asia форумында Премьер-министр геологияны дамытуға бағытталған реформалар, 280 млрд теңге инвестиция және жаңа цифрлық шешімдер туралы айтты.

 ©BAQ.KZ архиві/Гүлжан Раманқұлова Бүгiн 2026, 12:06
Бүгiн 2026, 12:06
138
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Гүлжан Раманқұлова

Астанада Geoscience & Exploration Central Asia: «Геология, ресурстар және Еуразияның болашағы» форумы өтіп жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов жиынға қатысып, елімізде салаға қандай қолдау көрсетіліп отырғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биылғы жыл шын мәнінде Қазақстан үшін тарихи жыл. Экономика мен қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғырту ісіне тың серпін берген жаңа Конституция қабылданды. Жалпыхалықтық референдумда еліміздің азаматтары шынайы отаншылдықтың үлгісін көрсетіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауқымды бастамаларына жаппай қолдау білдірді, - деді Үкімет басшысы.

Бектенов атағандай, қазірден бастап мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға және адам капиталын дамытуға бағытталған Ата заңның нормаларын іске асыруға еліміз айрықша көңіл бөліп отыр. Бұл өзгерістер экономиканы дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Соның ішінде геологиялық бақылау саласы отандық өнеркәсіптің стратегиялық негізіне айналды. Геолог күні қарсаңында өтіп отырған бүгінгі форумның ел экономикасы үшін маңызы ерекше. Президент тапсырмасы бойынша инфрақұрылымды жақсартуға және қолайлы инвестициялық орта қалыптастыруға бағытталған ауқымды реформалар іске асырылып келеді. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасының іске қосылуы маңызды қадам болды. Ол көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етті. «Бірінші келді – бірінші алды» қағидаты бойынша әлемдік озық тәжірибе негізінде жер қойнауын пайдалануға құқық беру процесі айтарлықтай жеңілдетілді, - деп айтты Олжас Бектенов форумда.

Бұл соңғы үш жылда геологиялық барлау саласына шамамен 280 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік берді. Пайдалы қазбалардың қорлары бойынша халықаралық есептік стандарттар енгізілді.

Сонымен қатар Үкімет басшысының сөзінше, геологиялық зерттеу тәсілдерін одан әрі жетілдіру үшін 1:50 000 масштабтағы геофизикалық карталарды әзірлеу қолға алынды. Геологиялық барлау жұмыстарын қаржыландыруға да барынша көңіл бөлінуде. Ол он есе ұлғайып, алдағы үш жылда шамамен 500 млн долларға жетеді.

Бұған дейін Қазақстанның жер қойнауының құпиялары – сирек минералдары туралы фоторепортаж жасап, назарларыңызға ұсындық.

Кеше Астанада геология, инвестиция және барлау бойынша халықаралық форум басталды. Ұлттық геологиялық қызмет басқарма төрағасы Ерлан Ғалиев Орталық Азия геологиясына халықаралық қызығушылықтың күрт артқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда аймақтың минералдық әлеуеті әлем елдерінің назарын аударып отыр.

Белгілі болғандай, Қазақстанда шамамен 4 мың геологиялық барлау лицензиясы берілді. Форум барысында айтылғандай, шетелдіктер Қазақстанның жер қойнауын барлауға 40 млрд теңге салмақ.

Сарапшы, «Қазгидрогеология» ұлттық гидрогеологиялық қызметінің басқарма төрағасы Болат Бекнияз Қазақстан экономикасын өзгерте алатын ресурсты атады. Ал Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан инвесторларға арналған салықтық жеңілдіктер Қазақстанға 10 млрд доллардан астам инвестиция тартуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Наверх