Үкімет жанындағы брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстанның Еуропа нарығына ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару жоспары туралы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, қазір Еуропаға бал экспорттау мәселесі толық шешілген. Ал қой және жылқы етін жеткізу бойынша келіссөздер жалғасып жатыр.
Еуропадан мамандар келіп, ет комбинаттарын қарайды, тексереді. Сауалнама хаттарын толтырамыз. Ескертуі болса қайта толтырамыз. Мүмкін осы мәселелер жарты жылдың ішінде реттеледі, – дейді Сапаров.
Оның сөзінше, қой мен жылқы етін экспорттау үшін Еуропа мемлекеттері Қазақстанға арнайы инспекция жібереді. Сарапшылар отандық ет өңдеу кәсіпорындарының өндірістік процестерін, ветеринариялық және санитариялық талаптарға сәйкестігін тексереді.
Тексеру нәтижесіне қарай тиісті рұқсат беру рәсімдері жүргізіледі. Егер барлық талап орындалса, қазақстандық ет өнімдері Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік алады.
Министр бұл бағыттағы жұмыстар алдағы алты ай ішінде аяқталуы мүмкін екенін айтады.