Қазақстанда бес ірі трансшекаралық сауда-логистикалық хаб салынып жатыр

Қазақстан алты елмен электронды рұқсат алмасу жүйесін енгізді.

Бүгiн 2026, 10:56
АВТОР
 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 10:56
Бүгiн 2026, 10:56
133
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қазақстанда арнайы экономикалық аймақтарды, индустриялық аймақтарды және логистикалық орталықтарды біріктіретін трансшекаралық сауда-логистикалық хабтардың тұтас желісі қалыптасып жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мұтәлінің көлік-логистика саласында қосылған құн экономикасын дамытуға қатысты депутаттық сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның мәліметінше, бүгінде өндірістік, логистикалық, сауда және кедендік инфрақұрылымды біріктіруге бағытталған бес ірі трансшекаралық сауда-логистикалық хаб іске асырылуда.

«Алатау» кешені 2027 жылы іске қосылады

Ірі жобалардың бірі – Қырғызстанмен шекарада орналасқан «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешені. Ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі бойындағы «Қарасу» және «Ақ-Тілек» өткізу бекеттері маңында салынуда.

Жобаның жалпы аумағы 165 гектарды құрайды. Инвестиция көлемі 200 млн доллар деп жоспарланған. 2026 жылы Үкімет қаулысымен жобаға арнайы экономикалық аймақ мәртебесі берілген. Нысанды пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланып отыр.

Өзбекстан шекарасында халықаралық кооперация орталығы ашылады

Түркістан облысында Өзбекстанмен шекаралас аумақта «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы салынып жатыр.

Жоба «Атамекен» және «Гүлстан» өткізу бекеттері маңында орналасады. Орталықты іске қосу 2026 жылға жоспарланған. Былтыр Үкімет қаулысымен оған да арнайы экономикалық аймақ мәртебесі берілді.

Оралда «Еуразия» сауда орталығы дамытылады

Батыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы Ресейдің Орынбор, Саратов, Самара қалаларына және Шығыс Еуропа бағытындағы жүк ағындарының негізгі торабына айналмақ.

Жобаның басты мақсаты – шетелдік инвестиция тарту және өткізу нарықтарына жақын өндірістерді орналастыру.

Қорғас жобаларына тартылған инвестиция көлемі екі есеге жуық артқан

Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, Қытаймен шекарадағы Қорғас торабы Қазақстанның маңызды көлік-логистикалық орталықтарының біріне айналып келеді.

Оның құрамына «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы, «Нұр Жолы» өткізу бекеті, «Алтынкөл» теміржол станциясы және құрғақ порт кіреді.

2022 жылдан бері «Қорғас» ШЫХО аумағындағы жобалар саны 18-ден 44-ке дейін өскен. Тартылған инвестициялар көлемі 83 млрд теңгеден 149 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

Ал «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында жобалар саны 14-тен 68-ге дейін артса, инвестициялар көлемі 340 млрд теңгеден 652,7 млрд теңгеге жеткен.

Ақтау портының қуаты ұлғаяды

Каспий бағыты бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар да ерекше назарда.

Үкімет мәліметінше, Ақтау портында контейнерлік хаб салынып жатыр. Оның нәтижесінде порттың өткізу қабілеті жылына 240 мың жиырма футтық эквивалентке дейін артады.

Сонымен қатар Құрық портында көпфункционалды «Саржа» теңіз терминалы іске асырылып жатыр. Жоба аясында әмбебап және астық терминалдары, сондай-ақ көлік-логистикалық орталық салынады.

Smart Cargo платформасы енгізілді

Көлік саласын цифрландыру аясында 2025 жылдың қазан айында Smart Cargo платформасы пилоттық режимде іске қосылған.

Бұл жүйе логистикалық тізбектің барлық қатысушыларына қажетті қызметтерді бір терезе қағидаты бойынша алуға мүмкіндік береді.

Биыл «Нұр жолы» өткізу бекетінде Smart Cargo мобильді қосымшасы арқылы тасымалдың цифрлық паспорты мен электрондық QR-кодын пайдалану енгізілген.

Жаңа сервис қағаз құжаттарды алмастырып, жүргізушілердің шекарадан өту рәсімдерін айтарлықтай жеңілдеткен.

Платформа автомобиль және теміржол тасымалдарындағы жүктерді нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар шетелдік рұқсат бланкілерінің қалдығы, өткізу бекеттерінің жүктемесі және мемлекеттік шекарадан өту көрсеткіштерін көрсететін аналитикалық модуль іске қосылған.

Қазақстан алты елмен электронды рұқсат алмасады

Үкімет халықаралық автомобиль тасымалдарын толық цифрландыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қазіргі уақытта Қазақстан Қытай, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан және Грузиямен шетелдік рұқсат бланкілерін электронды форматта алмастыруды енгізген.

Енді Беларусь, Литва, Латвия және басқа да мемлекеттерді осы жүйеге қосу жұмыстары жалғасуда.

Кеден рәсімдері автоматтандырылады

Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, КЕДЕН ақпараттық жүйесінде Еуразиялық экономикалық одақ аумағына әкелінетін тауарлар бойынша алдын ала ақпараттандыру модулі жұмыс істейді.

Жүйе шекарадағы бақылаушы органдардың өзара әрекетін автоматты түрде үйлестіріп, қажетті тексерулерді анықтайды.

КЕДЕН жүйесі Smart Cargo платформасымен интеграцияланған. Соның арқасында кедендік рәсімдер жүк келгенге дейін алдын ала жүргізіледі.

Қазір міндетті кедендік төлемдерді автоматты есептеу және жүк келгенге дейін алынған мәліметтерді автоматты салыстыру тетіктері әзірленіп жатыр.

Үкімет жаңа үйлестіру органын құруды қажет деп санамайды

Депутат көлік-логистика саласын үйлестіретін жеке ұлттық орталық құруды ұсынған болатын.

Алайда Үкімет қазіргі таңда мемлекеттік органдардың функцияларын қайталайтын жаңа құрылым құрудың қажеттілігі жоқ деп есептейді.

Ведомствоаралық үйлестіру мемлекеттік басқарудың қолданыстағы тетіктері мен консультативтік-кеңесші органдар шеңберінде жүзеге асырылады, – делінген жауапта.

Сонымен бірге халықаралық тасымалдарды цифрлық интеграциялау жалғасуда.

Осы мақсатта Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында Digital Trade Corridor мультимодальды цифрлық платформасы әзірленген.

Платформа арқылы пайдаланушылар онлайн келісімшарт жасай алады, тарифтерді көріп, тасымалдауға өтінім беріп, контейнерлердің қозғалысын бақылап және кедендік мәртебесін қадағалай алады.

2025 жылы Қазақстан, Әзербайжан және Грузия теміржол жүйелерімен интеграция аяқталған. Қазір Ресей, Өзбекстан және Әзербайжанмен жүк тасымалын толық цифрлық форматқа көшіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Наверх