Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Карфаген президенттік сарайында Қазақстанның Тунистегі елшісі (қоса атқарушы) Қайрат Лама Шариф Тунис Республикасының Президенті Каис Саидке сенім грамоталарын табыстады.
Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Рәсімнен кейін өткен әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен Тунис арасындағы достық байланыстарды нығайтуға өзара мүдделілік білдіре отырып, екіжақты ынтымақтастықты жандандырудың қазіргі жағдайы мен жолдарын талқылады. Осы тұрғыда сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың жекелеген өзекті бағыттары қозғалды.
Қазақстандық дипломат Тунис басшысын еліміздегі маңызды ішкі саяси оқиғалармен және жаңа саяси-әкімшілік және әлеуметтік-экономикалық қайта құруларды жүргізуге бағытталған «Жаңа Қазақстан» саяси бағытын іске асыру аясында жүргізіліп жатқан экономикалық және институционалдық реформалармен қысқаша таныстырды.
Президент Каис Саид Қазақстанның даму қарқынын және оның қазіргі әлемдегі өсіп келе жатқан рөлін жоғары бағалап, жаңадан тағайындалған елшіге Қазақстан-Тунис ынтымақтастығын нығайту игілігі үшін табысты және жемісті жұмысына сәттілік тіледі.
Биыл Қазақстан мен Тунис арасындағы дипломатиялық қатынастарға 30 жыл толады.