Қазақстан қоғамында КТК (Каспий құбыр консорциумы) туралы пікірталас қайта жанданды. Кей азаматтар «30 жылда неге балама бағыт табылмады?» немесе «бұл құбырмен Батыстың мұнайы ғана өтеді» деген пікірлер айтуда. Алайда Energy Monitor-дың дерегінше, нақты деректер КТК-ның Қазақстан экономикасындағы шешуші рөлін көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
КТК – мұнай экспортындағы негізгі арна
Қазіргі уақытта Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы дәл осы КТК арқылы экспортталады. Бұл жыл сайын кемінде 55 миллион тонна мұнай жөнелтіледі деген сөз. Экспорттан түсетін табыс 30 млрд АҚШ долларынан асады, ал соның 10 млрд доллардан астамы тікелей мемлекеттік бюджетке түседі. Бұл сома Қазақстандағы барлық салық түсімдерінің шамамен 20 пайызына тең.
КТК – халықаралық жоба және Қазақстан үшін жоғары табысты
Құбыр Ресейге тиесілі емес, ол ағылшын құқығымен реттелетін халықаралық консорциум. КТК – әлемдегі акционерлеріне ең көп пайда әкелетін мұнай құбыры саналады. Жоба жыл сайын шамамен 1 млрд доллар дивиденд береді, оның ішінде «ҚазМұнайГаз» жылына 200 млн доллар шамасында табыс алады. Сонымен қатар КТК тек Қазақстанда жыл сайын 100 млн доллар көлемінде салық төлейді.
Баку-Тбилиси-Джейхан бағытымен салыстырcақ
КТК тарифтері қазақстандық компаниялар үшін Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбырына қарағанда үш есе арзан. BTC жобасының өзі әлі күнге дейін өзін толық өтей қоймаған, ал экспортерлер әрқашан өздері үшін ең тиімді бағытты таңдауға мәжбүр.
Баламалы бағыт әзірге КТК-ның орнын баса алмайды
Соңғы бір жылда мұнай экспортын әртараптандыру бойынша жұмыс тобы құрылды. Компаниялар Атыраудан Ақтауға дейін, әрі қарай Бакуге жеткізудің бірнеше тәсілін (танкерлер немесе Каспийдің түбімен құбыр салу) қарастыруда. Дегенмен ең тиімді нұсқа таңдалған күннің өзінде бұл бағыт жылына небәрі 20 млн тонна көлемінде мұнай өткізе алады. Ал КТК-ның өткізу қабілеті 70 млн тоннаға дейін жетеді. Сондықтан жаңа бағыт КТК-ны толық алмастыра алмайды.
Ұлттық мүдде тұрғысынан стратегиялық объект
Сарапшылардың айтуынша, КТК-ның тұрақты жұмыс істеуі ел экономикасының, бюджет кірісінің және экспорттық қауіпсіздіктің басты кепілі болып отыр. Осыған байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігінің КТК-ға қарсы ақпараттық шабуылдарға дер кезінде үн қатуы – ұлттық мүддені қорғауға бағытталған дұрыс қадам.