Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі қарсаңында Астанада БҰҰ Өркениеттер альянсының арнайы сессиясы өтті. Жиында Қазақстан Сенатының төрағасы, Съезд Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев діни нысандарды қорғаудың маңыздылығын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенат төрағасы Альянстың бейбітшілікті нығайтуға, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогты дамытуға қосып отырған үлесін атап өтті. Ол Қазақстанның әрқашан дінаралық келісім мен өзара құрмет құндылықтарын қолдап келе жатқанын жеткізді.
Әшімбаевтың айтуынша, елімізде бүгінде 100-ден астам этнос пен 18 діни конфессия өкілдері өмір сүріп жатыр, ал 4 мыңнан астам ғибадат орны мемлекет қорғауында.
Қазақстан үшін әрбір діни нысанды сақтау мен қорғау – бейбітшілік пен төзімділік мәдениетінің негізгі қағидаты, – деді ол.
Сондай-ақ Сенат төрағасы Қазақстанның БҰҰ Бас Ассамблеясының өшпенділікке қарсы конфессияаралық диалог жөніндегі қарарын және діни орындарды қорғау жоспарын толық қолдайтынын атап өтті. Оның айтуынша, діни нысандарды қорғау – тек қауіпсіздік шарасы емес, сонымен қатар қоғамдағы сенім мен сыйластықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Әшімбаев әлемдегі қазіргі қақтығыстарға тоқталып, бейбітшілік пен гуманитарлық құқықты сақтау қажеттігін айтты.
Әлемге бейбітшілік бұрынғыдан да қажет. Қазақстан әрқашан қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуді және бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қорғауды жақтайды, – деді ол.
Еске салсақ, БҰҰ Бас хатшысының өркениеттер альянсы жөніндегі жоғарғы өкілі Мигель Анхель Моратинос діни нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бүкіл адамзат үшін негізгі құндылық екенін мәлімдеді.