Қазақстандағы саяси бәсекенің сипаты соңғы жылдары айтарлықтай өзгерді. Нархоз университетінің профессоры Андрей Казанцевтің айтуынша, бұған ең алдымен саяси жүйе мен институттардың жаңаруы әсер еткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының сөзінше, саясаттанушылар арасында кең тараған «Institutions matter» («Институттардың маңызы зор») деген қағида бар. Яғни заңнамалық және саяси институттардағы өзгерістер елдегі саяси процестердің бағытына тікелей ықпал етеді.
Оның пікірінше, Қазақстанның бір палаталы парламент моделіне көшуі партиялар мен сайлаушылар арасындағы байланысты күшейтеді. Енді азаматтар қай партияның олардың мүддесін қалай қорғайтынын нақтырақ бағалай алады.
Бір палаталы парламент заңдарды жеделірек қарап, тезірек қабылдауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде партиялық-саяси жүйенің өзгеруі мен жаңаруының жаңа кезеңін көріп отырмыз, – деді профессор ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен өтіп жатқан сарапшылар алаңында.
Казанцев қазіргі кезеңнің тағы бір маңызды ерекшелігі ретінде жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар дәуірінің басталуын атады.
Оның айтуынша, бұл өзгерістер сайлау науқандарының өту тәсіліне ғана емес, сайлаушылардың мінез-құлқына да әсер етуде. Әсіресе жастардың ақпаратты қабылдау тәсілі өзгерген. Сонымен қатар жаңа технологиялар парламент қарастыратын мәселелердің күн тәртібін де айқындайды.
Сарапшы үшінші маңызды фактор ретінде әлемдік жағдайға тоқталды. Ол Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) конституциялық реформаларға арналған зерттеуіне қатысқанын айтып, онда реформалар елдің тұрақтылығын арттыру тұрғысынан қарастырылғанын жеткізді.
Қазіргі өзгерістер Қазақстанның тұрақтылығын күшейтіп, үнемі құбылып отырған халықаралық ортаға бейімделуіне көмектесуі тиіс. Бұл мәселе көбіне халықаралық қатынастар мен экономика мамандарының назарында болғанымен, оның саяси маңызы да өте жоғары, – деді ол.
Профессордың пікірінше, бүгінгі таңда әлем көптеген қақтығыс, қауіп пен тәуекел кезеңін бастан өткеріп жатыр. Сондықтан жаңа парламентке, әрбір партия мен депутатқа үлкен жауапкершілік жүктеледі. Олардың басты міндеті – елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету.
Сондай-ақ Андрей Казанцев әлемде демократиялық институттардың әлсіреу үрдісі байқалып отырғанына назар аударды.
Көптеген елде демократиялық тетіктердің ықпалы төмендеп жатыр. Ал Қазақстан керісінше, қазіргі проблемаларды демократияны кеңейту арқылы шешу жолын таңдады. Бұл тек сайлау науқаны үшін ғана емес, жалпы реформалардың мәнін түсіндіретін маңызды ерекшелік, – деп түйіндеді сарапшы.