Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-отырысы өтіп жатыр.
Жиының ашылуында Мемлекет басшысы кеңестің жаңа мүшелерін таныстырып өтті.
Тоқаев кеңеске қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бүгінгі жиын шиеленісті халықаралық жағдайда өтіп жатыр. Жаһандық логистиканың бұзылуы, сауда соғысы, қысым. Мұның барлығы қазіргі күнгі объективті шындық. Мұндай жағдайда мемлекет пен бизнес «ойынның» жаңа ережесіне тез бейімделуі қажет. Осылай ғана бәсекеге қабілеттілікті сақтап қалуға болады. Қазақстан дамудың жаңа деңгейіне өтті, - деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев елімізде өзі бастамашылық жасаған демократиялық реформалардың жаңа ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Өздеріңіз білетіндей, елімізде 5 маусымда жалпыхалықтық референдум өтті. Референдумда халық Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен түзетулерге дауыс бере алды, - деп түсіндірді ол Шетелдік инвесторлар кеңесінің 34-отырысында.