Бүгін Астанада Қазақстан бокс федерациясының жылдық дәстүрлі жиыны өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ
Жиын барысында Федерацияның жаңа президенті болып Шахмұрат Мүтәліп сайланды. Ол бұл қызметте Кеңес Рақышевті алмастырды.
Конференцияның кезекті отырысында өткен жыл қорытындыланып, ерлер және әйелдер командасы бас бапкерлерінің есебі тыңдалды. ҚБФ жаңа басшысының сайлау отырыстың соңғы бөлігінде өтті.
Жаңа қызметінде алғаш рет сөз алған президент ҚБФ алдындағы міндеттерді бірлесіп орындаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ол өзіне сенім артқан Қауымдастық мүшелеріне алғыс білдіріп, ортақ мақсатқа жету жолында өзінің бар күшін салатынын айтты.
Айта кетейік, Шахмұрат Мүтәліп 1990 жылы 18 қыркүйекте Алматы облысы Казцик ауылында дүниеге келген. Экономика ғылымдарының магистрі, Куала-Лумпурдағы (Малайзия) Азия-Тынық мұхиты университетінде (APU) білім алған. Кәсіпкер, «Integra Construction KZ» ЖШС иегері. Үйленген, 3 баласы бар.