1 наурыз сағат 00:00-де Астана, Алматы, Шымкент қалалары, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Костанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері жергілікті уақытты бір сағат артқа жылжытатыны белгілі. 19 қаңтарда үкімет Қазақстанның барлық аумағында UTC+5 уақыт белдеуін енгізу туралы қаулыны бекіткен болатын. Оның себебі неде, пайдасы қандай қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрхожаев түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Мектеп кезінде барлығымыз география пәнінен уақыт белдеуі тақырыбын өттік. Хронобиология маманы ретінде сол білімімізді еске салып, Қазақстан қандай сағаттық белдеулерде орналасқанын айтып берсеңіз.
Қай заманда да, тіпті, атом сағаттары бар қазіргі заманда да, әр елді мекенде уақыт өлшемі тал түс уақыты (сағат 12:00) Күннің ең жоғары нүктеде тұру кезімен өлшенетіні белгілі. Алайда жылдам көліктер пайда болғандықтан, әр елді мекенге барған сайын сағат ауыстыру қажет болғандықтан, 1881 жылы Вашингтонда Меридиан конференциясында Жер шары әрқайсысы 15° 24 сағаттық белдеуге бөлініп, оның 0-дік меридианы Лондондағы Гринвич обсерваториясымен өтетін болып, Халықаралық сағаттық белдеулер жүйесі (GMT, UTC) қабылданды.
Гринвич арқылы өтетін нөлдік меридианның екі жағынан 7,5° (30 минутқа сай, қосындысы 1 сағат) 0 сағаттық белдеу аумағы болып саналады. Белдеулік уақыт аумағында Күннің кульминациясы сағат 11:30-12:30 шамасында болуы тиіс, ортасы – 12:00. 0-дік меридианның шекарасы 7,5°б.б.-7,5°ш.б. меридианы екі жағынан 15° шығысқа қарай +1, батысқа қарай -1 сағаттық белдеулер өлшенеді. Мысалы, +4 сағаттық белдеу аумағы 52,5-67,5 ш.б. меридиан арасы, ортасы 60° ш.б. (60:15=4).
Уақыт өлшемі меридианмен есептеледі, параллель ескерілмейді. Әр елді мекеннің географиялық жергілікті уақыт өлшемін білу үшін меридиан бойынша координаты 15-ке бөлініп анықталады. Бұл жүйе де мінсіз нұсқа емес. Әрине, әр елді мекеннің өз табиғи жергілікті уақытымен өмір сүргені қолайлы. Бірақ тез жылжитын көліктер заманында осындай жүйе қолдануға мәжбүрміз.
Қазақстан Республикасы географиялық тұрғыдан Гринвич уақыты бойынша +3 сағаттық белдеуінің шығыс жағынан (координаты 46°29′37″Е) бастап +6 сағаттық белдеуінің батыс жағына шейін (87°18′55″Е) 40-ыншы және 55-інші параллельдер аралығында орналасқан. Географиялық Қазақстан Халықаралық уақыт өлшемі жүйесі (GMT, UTC) бойынша 4 сағаттық белдеу, UTC+3/+4+5/+6 аумағында орналасқан деп саналады. UTC+3 сағаттық белдеуінің шығыс жағында Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облысы орналасса, UTC+4 сағаттық белдеуінде Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда облысы, UTC+5 сағаттық белдеуінде Қарағанды, Ұлытау, СҚО, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Павлодар, Абай, Жетісу облыстары орналасқан. Шығыс Қазақстан облысының шығыс жағы ғана UTC+6 сағаттық белдеуінің батысында орналасқан.
- Қазақстан аумағында уақытқа қатысты қандай мәселелер бар?
Кеңес Одағы кезіндегі 1930 жылдан ҚР аумағында 1 сағат алға жылжытылған +1 декреттік уақыт қазір де қолданыста және 1956 жылдан әкімшілік басқаруға ыңғайлы болу үшін ҚР аумағындағы төрт сағаттық белдеу +3 пен +4 біріктіріліп, UTC+4 және +5 пен +6 біріктіріліп, UTC+5 сағаттық екі белдеуге біріктірілген.
Оған жоғарыдағы декреттік +1 сағат қосылып бүгінгі күні ҚР аумағында әкімшілік UTC+5 және UTC+6 сағаттық белдеулер уақыты қолданылып жүр.
ҚР екі сағаттық белдеуін бөліп тұрған шекарасы 67,5 меридианға жақын орналасқан облыстар шекарасымен өтуі тиіс. Қазір де уақыт өлшемін реттеуде көптеген қателіктер осы жайттарды ескермеуден орын алып жатыр.
Анығында, 1 сағат ілгері жылжытылған декреттік уақыттың өзі қысы-жазы, жыл бойы «жазғы» уақыт (permDST) болып табылады. Әлемдік практикада «жазғы» (DST) уақыт жазда стандарттық уақыт ретінде (ST) қолданылады.
2 сағаттық белдеулерді біріктіргенде уақыт белдеуінде батыс жатқан аумақтар жергілікті уақытынан 1сағат озық болады. Мысалы, БҚО, Атырау, Маңғыстау, Қостанай облыстары сағаттық белдеулерді біріктіруден 1 сағат, декреттік уақыт қолданудан 1 сағат, яғни өзінің жергілікті уақытын 2 сағат озықтықпен, яғни үнемі қысы-жазы екі еселенген «жазғы» (2permDST) уақытпен өмір сүріп жатыр.
Кеңес Одағы кезінде 1981 жылдан бұған жазда тағы +1 сағат «жазғы» уақыт енгізу қате шешім болды. Себебі ол кезде жергілікті уақыттан озықтық аталған облыстарда жазда 3 сағат болып кетсе, жазда Күн тек 23:00-де бататын болды, себебі нақ тал түс уақыты сағат 15:00-ге жылжыды.
Осы себепті, үнемі «жазғы» уақыт өлшеміне, оның үстіне үнемі 2 сағат озық уақытқа «жазғы» уақыт өлшемін тағы қолдануға мүлдем болмайды.
Сонда 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуіне көшуіміз дұрыс шешім бе? Оның әлемдік, ғылыми негіздемесі бар ма?
Өте дұрыс шешім. Мысалы, Ресей 2014 жылға дейін уақыт өлшемінің барлық тәжірибесін «жазғы» уақыт, үнемі «жазғы» уақыт, үнемі екі еселеген «жазғы» уақыт өлшемінің бәрін қолданып барып, ақыры ғалымдардың ықпалымен 2014 жылы «жазғы» уақыттан да, декреттік уақыт қолданудан да ресми бас тартты, кейбір облыстар стандарттық уақытқа өту үшін уақытын бірден 2 сағат артқа жылжытты.
2020 жылғы 27-желтоқсанда Волгоград облысы сағатын 1 сағат кейін шегеріп, өз белдеулік уақытына оралды. Сондықтан қазір Волгоград (МСК, UTC+3) облысымен шекаралас БҚО (UTC+5) арасында екі сағат айырмашылық пайда болды. Мысалы, БҚО Жәнібек ауданы орталығында қыста ҚР қазіргі қолданыстағы UTC+5 әкімшілік уақытымен Күн 9:40-та атса, одан бар-жоғы 4 км жердегі Ресей, Волгоград облысы, Вищневкада Күн стандарттық UTC+3 уақытымен 7:40 атады. Ал жұмыс, оқу уақыты екеуінде де 8:00, яғни Жәнібекте оқушылар Күн атуынан 2 сағат 40 минут бұрын сабақта отырса, Вищневкада балалар Күн атқан соң 20 минуттан соң сабақта отырады. Біздің уақыттан шатасуымыздың айқын дәлелі – осы.
Әлемдік тәжірибені айтар болсақ, соңғы жылдары әлемде биологиялық ритмдер, ұйқы режимі бұзылуы салдарынан аса қауіпті рак, диабет, семіздік, жүрек-қан тамырлары жүйесі және басқа да аурулар өршуімен, физикалық, психикалық денсаулыққа кері әсері, еңбекке қабілеттілік, өмір сүру ұзақтығының төмендеуі, жалпы адамның барлық тұрмыс-тіршілігі ғана емес, қоғамдық ахуалға да кері әсері бары ғылыми зерттеу нәтижелерімен дәлелденуіне байланысты хронобиология ғылымында, медицина саласында «әлеуметтік сағаттық белдеулер ауысуы синдромы» (синдром смены часовых поясов, social jetlag – SJL, әлеуметтік десинхроноз) деген термин пайда болды.
Циркадтық ритмдер механизмін ашқаны үшін 2017 жылы АҚШ-тың үш ғалымы Джеффри Холл, Майкл Розбаш және Майкл Янг медицина мен физиология саласында Нобель сыйлығының иегері болуына байланысты бұл саладағы зерттеулер тіптен көбейді.
2020 жылғы 10-қазанда АҚШ, Германия, Франция, Ресей, Испания, Португалия, Нидерланды, Бельгия, Канада, Австралия, Швеция және Қазақстан өкілдері біріккен Халықаралық Табиғи уақыт қолдаушылар Альянсы (International Alliance for Natural Time) құрылды.
2022 жылы 24 қарашада Испаниядағы Барселонада уақыт өлшеміне байланысты ғылыми конференция өтіп, онда «Барселона Декларациясы» қабылданды. Декларацияны әзірлеуге әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің хронобиология, кардиология, онкология, эндокринология, сомнология, педиатрия, геронтология, ұйқы медицинасы, биологиялық ритмдерді зерттеуші жетекші ғалымдар, медициналық ассоцияциялар қатысты.
Барселона Декларациясының Ғылыми Консенсусы маусымдық болсын, үнемі болсын, кез келген «жазғы» уақыт өлшемін қолдану зиянды, үнемі «жазғы» уақыт тіптен зиянды, тек жергілікті уақыт өлшеміне мейлінше жақын стандарттық уақытпен өмір сүру ғана физикалық, психикалық Денсаулық қорғалуына, Қауіпсіздік, Экономика, Білім, Сауаттылық тұрғысынан ең тиімді болып танылды. Барселона Декларациясы негізінде әлем елдері үкіметтеріне үндеу жарияланды.
Әлемдік пандемиядан бұл бастамалар сәл кешеуілдеп қалды. Бірақ алдағы уақытта бұл тақырып одан да өзекті болатынына сенімдімін. Сондықтан Қазақстанның биыл бірыңғай уақыт белдеуіне көшуі өте орынды.