Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған қазақ-түрік ынтымақтастығына қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдіріп, оның ел басшысы ретіндегі халықаралық беделіне жоғары баға берді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қымбатты бауырым Қасым-Жомарт Тоқаевтың сындарлы басшылығының арқасында Қазақстан өз аймағындағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың ордасына айналды. Қазақстанның әрбір жетістігіне біз қуанып, оны өз табысымыздай мақтан тұтамыз. Әсіресе, Түркі мемлекеттері ұйымының қалыптасуында Қазақстанның атқарған рөлін ерекше атап өткім келеді. Сіз – Түркия мен түрік халқының сенімді досы екеніңізді бірнеше мәрте дәлелдедіңіз. Сондықтан бүгін Сізге Түркия Республикасының ең жоғары мемлекеттік марапатын табыстау – мен үшін зор мәртебе. Бұл орден – елдеріміз арасындағы мызғымас достықтың жарқын символы боларына сенемін, – деді Ердоған.
Салтанатты рәсімге Түркиядағы дипломатиялық корпус өкілдері, қоғам қайраткерлері, танымал мәдениет және ғылым саласының өкілдері, сондай-ақ ірі бизнес құрылымдарының жетекшілері – барлығы 80-нен астам мейман қатысты. Бұл да өз кезегінде Қазақстан басшысына және қазақ еліне деген құрметтің жарқын көрінісі болды.