Ослодағы Қазақстан Елшілігінде Берген университетінің профессоры Гру Мандт ханымға «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медаль табыс етілді, деп жазады BAQ.KZ СІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2000-2006 жылдары Гру Мандт ЮНЕСКО мен Норвегияның Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған норвегиялық мамандар тобының құрамында Алматы облысындағы Таңбалы петроглифтерін консервациялау, презентациялау және басқару жобасына қатысқан. Нәтижесінде 2004 жылы Тамғалы петроглифтерінің кешені ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енді.
Медальді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Елші Әділ Тұрсынов табыс етті. Марапатты Гру Мандтың ұлы - Тарье Мандт Ларсен мен ғалымның немерелері қабылдады. Іс-шараға Норвегияның Қазақстандағы бұрынғы Елшісі Оле Йохан Бьерной және «Таңбалы» жобасының норвегиялық жетекшісі, археолог Анна-София Хиген қатысты.