Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтуда айтарлықтай әлеуетке ие – Әшімбаев

Бүгiн, 15:50
124
Бөлісу:
Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтуда айтарлықтай әлеуетке ие – Әшімбаев
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 5 желтоқсан күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті және алдағы іс-шараларды пысықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Отырыс барысында Бюро мүшелері 6 желтоқсан күні «Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі құрамдас бөлігі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өткізу туралы қаулы қабылдады.

Мәулен Әшімбаев Парламенттік тыңдауда талқыланатын мәселенің өзекітілігі мен маңызына назар аударып, БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы 2025 жылы 343 миллионға жуық адам аштықтан зардап шегеді деп болжап отырғанын тілге тиек етті.

Халықты сапалы және қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету кез келген мемлекет үшін стратегиялық мәселе. Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Дегенмен, бұл бағытта өзекті проблемалар да бар. Тыңдау барысында сол түйткілдерге баса мән беріп, мазмұнды және нәтижелі талқылау ұйымдастыру қажет, – деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар Бюро мүшелері бекіткен күн тәртібіне сәйкес сенаторлар Палата отырысында 2 мәселені қарайды. Олардың бірі – «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпаратқа қол жеткізу, қоғамдық қатысу, мемлекеттік наградалар және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылды. 

Бұл құжаттың нормалары ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіруге арналған. Осылайша, заңда ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектегені үшін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтуге және ақпараттың ашықтығы мен оны алдын ала тарату қағидаттарын бекітуге бағытталған нормалар қарастырылған. Мүгедектігі бар адамдардың ақпаратқа қол жеткізуіне қажетті жағдай жасауға да ерекше назар аударылып отыр.

Одан бөлек, Бюро отырысында бұған дейін Мәжіліс қабылдаған заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты Комитеттеріне бөлініп берілді.

Өзгелердің жаңалығы