Қазақстан құрамасы Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарының кезекті жарыс күнінің қорытындысы бойынша 13 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама еншісінде үш алтын, екі күміс және сегіз қола жүлде бар. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті хабарлады.
Осылайша, 13-ші жарыс күнінен кейін қазақстандық спортшылар 77 медаль еншіледі. Оның 12-сі – алтын, 21-і – күміс, 44-і – қола. Жалпы командалық есепте Қазақстан сегізінші орында тұр.
Бокстан екі алтын және таэквондодан тарихи жеңіс
Бұл күннің басты қаһармандарының бірі қазақстандық боксшылар болды. Торехан Сабырхан 70 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алды. Финалда ол иорданиялық Зеяд Ишаишті төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңді. Бұл жеңіс Қазақстанға Азия ойындарындағы бокстан 2014 жылдан бергі алғашқы алтынды әкелді. Сонымен қатар Сабырхан 2026 жылғы Азия чемпионатының финалындағы жеңілісі үшін реванш алды.
Бокстан тағы бір алтын медальді ұлттық құраманың капитаны Айбек Оралбай жеңіп алды. 90 келіден жоғары салмақтағы финалда ол Өзбекстан өкілі Жахонгир Зокировтан басым түсті. Осылайша Қазақстан бокс турнирін екі алтын және үш қола медальмен аяқтады.
Тамирлан Тлеулес те тарихи жетістікке жетті. Ол таэквондодан 58 келіге дейінгі салмақта Азия ойындарының чемпионы атанды. Финалда қазақстандық спортшы филиппиндік Курт Брайан Барбосаны 2:0 есебімен жеңді. Бұл Қазақстанның Азия ойындарындағы таэквондодан алған алғашқы алтыны болды.
Бұл спорт түрінен тағы бір медальді Батырхан Төлеғали иеленіп, 80 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге қол жеткізді. Ол жартылай финалда Қытай Тайбэйінің өкілі Хун Цзюнь-иге 1:2 есебімен жол берді.
Виртуалды таэквондодан Рита Бакишева да қола медаль алды. Қазақстандық спортшы Иордания мен Үндістан өкілдерін жеңгенімен, жартылай финалда Филиппин өкілі Джус Габриэль Дерик Япеге есе жіберді. Виртуалды таэквондо Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілді.
Қазақстандық балуандар төрт медаль алды
Қазақстан қоржынына күрестен бірден төрт жүлде түсті.
Эльмира Сыздықова 76 келіге дейінгі салмақта күміс медаль жеңіп алды. Жартылай финалда ол Қытай өкілі Ли Вэньцзиді 9:8 есебімен жеңді. Ал финалда Жапонияның Олимпиада чемпионы Юка Кагамиге 1:5 есебімен жол берді. Бұл Сыздықованың Азия ойындарындағы екінші медалі. Ол бұған дейін 2018 жылы қола жүлдегер атанған.
Еркін күрестен Начын Куулар мен Едіге Қасымбек қола медаль иеленді. 65 келіге дейінгі салмақта үшінші орын үшін болған белдесуде Куулар алғашқы кезеңнен кейін КХДР өкілі Ким Кван Джиннен 0:3 есебімен ұтылып жатты. Алайда ол кездесудің барысын өзгертіп, қарсыласын 7:5 есебімен жеңді.
Едіге Қасымбек 125 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін белдесуде Түрікменстан балуаны Зымамухаммет Сапаровтан басым түсті.
Әйелдер күресінен Қазақстанға тағы бір қола медальді Зейнеп Баянова әкелді. 50 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда ол жапониялық Юи Сусакиден жеңілді. Үшінші орын үшін белдесуде Баянова Үндістан өкілі Дипаншиді 11:4 есебімен ұтты.
Велоспорттан күміс, дзюдодан қола
Рината Сұлтанова тректегі велоспорттың омниум бағдарламасында күміс медаль жеңіп алды. Төрт дисциплинаның қорытындысы бойынша қазақстандық спортшы 133 ұпай жинап, екінші орынға орналасты. Жапониялық Юми Кадзихара 136 ұпаймен жеңімпаз атанды. Бұған дейін Сұлтанова тас жолдағы жекелей уақыт жарысында алтын медаль алған болатын.
Дзюдодан 78 келіге дейінгі салмақта Екатерина Токарева қола жүлдеге ие болды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде ол Иран өкілі Марьям Барбатты жеңді. Аида Тойшыбекова мен Марат Байкамуров та жарыстың финалдық кезеңіне дейін жеткенімен, жүлдеге іліге алмады.
Джиу-джитсудан 77 келіге дейінгі салмақта Сейілхан Болатбек қола медаль жеңіп алды. Үшінші орын үшін өткен жекпе-жекте ол ұлттық құрамадағы әріптесі Адлан Мадаевпен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Теннистен тағы бір медаль, су добынан финал
Теннистен әйелдер арасындағы жұптық сында Анна Данилина мен Юлия Путинцева қола жүлдегер атанды. Жартылай финалда қазақстандықтар Қытай Тайбэйі өкілдері Се Шувэй және Лян Эньшомен кездесті. Екі сет те тай-брейкке дейін жетіп, қарсыластар 7:6 (7:3), 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті.
Бұл Путинцеваның қазіргі Азия ойындарындағы екінші жүлдесі болды. Бұған дейін ол жекелей сында қола медаль алған.
Ал Қазақстанның ерлер құрамасы су добынан Азия ойындарының финалына шықты. Жартылай финалда қазақстандықтар Қытай құрамасын 11:10 есебімен жеңді. Шешуші кездесуде олар Жапония құрамасымен ойнайды.
Көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасы да маңызды нәтижеге қол жеткізді. Жасмин Жүнусбаева, Аида Хакимжанова, Мадина Мырзабай, Айзере Нұрмағамбетова және Кристина Чепульская топтық көпсайыстың финалына өтті. Жарыстың шешуші кезеңі 3 қазанға жоспарланған.