Қазақстанда ажырасу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда шамамен 2-ні құрайды. Бұл орташа деңгейге сәйкес келеді және желіде тараған еліміз ажырасу саны бойынша «бірінші орында» деген мәлімдемелерді теріске шығарады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, интернетте Қазақстан ажырасу саны бойынша көш бастап тұр деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
Интернетте Қазақстан ажырасу саны бойынша бірінші орында деген жалған ақпарат тарап жатыр. Қазақстандық қоғамдық даму институтының мәліметінше, біздегі ажырасу коэффициенті - 2. Бұл ең төменгі көрсеткіш емес, бірақ ең жоғары да емес. Коэффициенті 1000 адамға шаққанда 3-4 болатын елдер де бар, - деп атап өтті ҚР Президенті жанындағы Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл Снежанна Имашева.
Ол халықаралық көрсеткіштер бойынша Қазақстан орташа деңгейде екенін айтты.
Біз Қазақстанды ажырасу бойынша көшбасшы ел деп санай алмаймыз. Біз орта тұстамыз, тіпті одан да төмен деңгейдеміз, - деп толықтырды спикер.
Қазақстандықтардың 25%-ы соттан кейін ажырасу райынан қайтқан
Имашеваның айтуынша, бүгінде Қазақстанда отбасылық даулар ювеналды соттарда қаралады. Онда тараптарды татуластыру тетіктері жұмыс істейді. Сондықтан мамандардың қатысуы жұптарға некені сақтап қалуға немесе жанжалдарды ажырасусыз реттеуге көмектесуде.
Психологтардың, медиаторлардың және татуластырушы судьялардың қатысуымен өтетін рәсімдер нәтиже беріп отыр. Жұптардың 25%-на дейінгі бөлігі ажырасудан бас тартуы немесе дауларды бейбіт жолмен шешуі мүмкін, - деді Имашева.
Ол қазіргі таңда мұндай тетіктер пилоттық режимде іске асырылып жатқанын және көбіне мамандардың ерікті жұмысына байланысты екенін айтты.
Егер бұл тәжірибені кеңейтсек, оны бүкіл республика бойынша енгізуге болады, - деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған дейін омбудсмен Қазақстанда неке бұзу тәртібі қиындатылуы мүмкін екенін айтқан.