XVI Еуразиялық Kazenergy форумындағы брифингте Kazenergy қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақов Әзербайжанның Қазақстан мұнайын Еуропа нарығына тасымалдау жөніндегі БАҚ өкілінің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әзербайжандық журналистің сұрағына жауап берген ол Қазақстанның дәстүрлі түрде көпвекторлы энергетикалық саясатты ұстанатынын және серіктестермен өзара тиімді шарттарда ынтымақтасуға дайын екенін атап өтті.
Бәріне белгілі, Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбыры бар. Бұл техникалық шешім кезінде логистикадағы тар орындарды айналып өтуге және үздіксіз жеткізілімдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік берген еді. Қазақстан мұндай нұсқаны 2000-жылдардың басында қарастырған, алайда кейін Каспий құбыр консорциумын (КТК) салу туралы шешім қабылданды. Бүгінде ол қазақстандық мұнайды Еуропаға және әрі қарай әлемдік нарыққа экспорттаудың негізгі маршруты болып отыр, – деді Ақшолақов.
Оның айтуынша, Қазақстан мұнайды Каспий арқылы Әзербайжанға сынақтық түрде жеткізуді екінші жыл қатарынан жүзеге асырып келеді. Алайда бұл бағытты кең көлемде пайдалану үшін әзербайжандық тараппен және шикізат сатып алушыларымен бірқатар техникалық мәселелерді келісу қажет.
Біз бұл жеткізілімдерді әртараптандыру ретінде қарастырамыз. Қазіргі таңда КТК-ның қуаттылығы Баку–Тбилиси–Джейхан арқылы тасымалдауға мүмкін болатын көлемнен екі еседен аса артық. Бірақ біз қазіргі 1,5-2 млн тонна деңгейінен артық көлемге шығып, осы мүмкіндікті толық пайдаланамыз деп үміттенеміз, – деп атап өтті Kazenergy төрағасы.