Қазақстан авиация саласындағы беделді сыйлықтың иегері атанды

13 Қараша 2024, 21:12
254
Бөлісу:
Қазақстан авиация саласындағы беделді сыйлықтың иегері атанды
Фото: «Қазаэронавигация» РМК

Вашингтон қаласында (АҚШ) әлемдік авиация саласының басты оқиғасы саналатын жыл сайынғы Air Traffic Control Association (ATCA) 2024 конференциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шара аясында авиациялық саладағы үздік жетістіктерді дәстүрлі түрде атап өтетін беделді ATCA марапаттар бағдарламасы қарастырылды. Бағдарлама үш санатты қамтиды: әуе қозғалысына қызмет көрсету, индустрия және шағын бизнес, сондай-ақ әскери еңбек жетістіктері.

Ұйымдастырушылар бар-жоғы 10 номинация ұсынды. Солардың бірі - «The David J. Hurley Memorial Award for Aviation Traffic Management». Ол әлемдегі әуе қозғалысына қызмет көрсету саласындағы үздік жетістіктерді атап көрсетеді. Жоғарыда аталған санатқа қатысу үшін 40-тан астам елден өтінім келіп түскен.

Биылғы ATCA конференциясының қорытындысы бойынша «The David J. Hurley Memorial Award for Aviation Traffic Management» номинациясында қазақстандық «Қазаэронавигация» РМК жеңімпаз атанды. Еске салсақ, 2023 жылы аталған санатта АҚШ Федералдық азаматтық авиация басқармасының (FAA) өкілдері үздік атанған болатын.

Қазақстан авиация саласындағы беделді сыйлықтың иегері атанды

«Қазаэронавигация» мамандары «Ақтөбе аудандық диспетчерлік орталығының жауапкершілік аймағында әуе қозғалысына қызмет көрсетуді жақсарту үшін динамикалық секторға бөлуді зерттеу және әзірлеу» тақырыбындағы жобаны ұсынып, ол үздік деп танылды. 

Ғылыми жұмыстың авторлары «Қазаэронавигация» РМК әуе қозғалысын ұйымдастыру жөніндегі департаменттің әуе кеңістігін ұйымдастыру бөлімінің жетекші мамандары - Нұрсұлтан Томпиев, Әсет Ахметбаев және Мәди Асылханов.

Динамикалық секторға бөлу әуе кеңістігін оңтайландыруға, авиадиспетчерлерге түсетін жүктемені азайтуға және ұшу ақпараты ауданының әуе кеңістігінде өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді. 

Жобада Вороной диаграммасының әдісін пайдалана отырып, Ақтөбе ұшу ақпараты ауданының әуе кеңістігін уақытша бөлудің ғылыми тәсілі қолданылды. Аталған жоба табысты iске асырылған жағдайда, алдағы уақытта Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiндегi басқа да жауапкершiлiк аймақтарында динамикалық секторға бөлуді енгiзу кезiнде осы әдiснаманы қолдану мүмкiндiгі туындайды.

«Қазаэронавигация» мамандары Қазақстанда алғашқы болып беделді халықаралық ATCA сыйлығын алып отыр. Бұл - еліміздің авиация саласын дамытудағы және оның халықаралық аренадағы позициясын нығайтудағы тағы бір маңызды қадам.

Өзгелердің жаңалығы