Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Венаға жұмыс сапары аясында Аустрия ресми өкілдерімен бірқатар келіссөздер өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аустрия Федералдық Президентінің Халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Герда Фогльмен келіссөздер барысында тараптар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Аустрия Президенті Александр Ван дер Белленмен Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-отырысы аясында өткізген кездесуінің қорытындыларын, сондай-ақ екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға ерекше назар аударылды. Сыртқы істер министрінің орынбасары Аустрия тарапын алдағы кезектен тыс президенттік сайлау, елдің саяси жүйесінің трансформациясы туралы хабардар етті.
Аустрия СІМ Бас хатшысы Петер Лаунский-Тиффентальмен кездесуде екіжақты және көпжақты ынтымақтастық мәселелері, сондай-ақ өзекті өңірлік және халықаралық тақырыптар қозғалды.
Келіссөздер нәтижесінде Қазақстан мен Аустрия өкілдері екіжақты және көпжақты күн тәртібінің барлық тақырыптары бойынша тығыз байланыстарды жалғастыруға уағдаласты.
Венада болу кезінде Р. Василенко Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдерімен кездесіп, ұйымның халықаралық саясаттағы рөлі және Қазақстанның ұйым институттарымен ынтымақтастығының перспективалары бойынша ой бөлісті.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Аустрияның танымал басылымдарының бірі «Die Presse» тілшісіне сұхбат берді. Әңгімелесу барысында Қазақстанның шетелдік серіктестермен ынтымақтастығының, жаһандық және аймақтық қауіпсіздіктің, елімізді одан әрі саяси тұрғыдан жаңғыртудың өзекті мәселелері сөз болды.
Анықтама: Қазақстанда 40-тан астан аустриялық компаниялардың өкілдіктері бар, олардың ішінде Kapsch, Liebherr, Gebrüder Weiss, Andritz Hydro, Herz Armaturen, Red Bull, Swarovski, Frey Wille, Trodat, Colop, Julius Blum және т.б.
2022 ж. қаңтар-шілде аралығында екіжақты тауар айналымы 95 млн АҚШ долл. құрады. Қазақстандық экспорт 3,4 млн АҚШ долларға жетті, импорт – 91,6 млн АҚШ долл. 2021 ж. бұл көрсеткіш 95,7 млн АҚШ долл құрады, соның ішінде 1 млн АҚШ долл. – экспорт, импорт – 94,7 млн АҚШ долл.
2021 ж. Қазақстан мен Аустрия арасындағы тауар айналымы 161,1 млн АҚШ долл. құрады (экспорт – 3,3 млн., импорт – 159,8 млн.), бұл көрсеткіш 2020 ж. салыстырғанда 2,7% өскен (158,8 млн. долл.). Экспорт бұрынғы қалпында қалып, импорт 2,8% өскен.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы төрағалығында Астанада ұйымның алғашқы саммитінде «Қауіпсіз қоғамдастыққа барар жолда» атты Астана Декларациясы қабылданды.